ҰБТ-ны алмастыратын жаңа емтихан моделі әзірленіп жатыр

0
104

Ұсынымдардың жеке бағыты тест тапсырмаларының сапасын жетілдіруге, олардың тілдік түсініктілігін қамтамасыз етуге, әртүрлі тілдердегі нәтижелердің салыстырмалылығын сақтауға және бағалау рәсімдерінің объективтілігін арттыруға арналған.


ҰБТ-ны алмастыратын жаңа емтихан моделі әзірленіп жатыр
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

ERNUR.KZ. Астанада ETS халықаралық ұйымының өкілдері Admissions Insight Test (AIT) жаңа қабылдау емтиханының моделін әзірлеуге арналған кешенді зерттеу нәтижелерін таныстырды, деп жазады inform.kz.
Іс-шара барысында қолданыстағы бағалау жүйесіне жүргізілген талдау, әлемдік тәжірибелерді салыстырмалы зерттеу қорытындылары, жоғары оқу орындарының қажеттіліктерін зерделеу нәтижелері ұсынылды.

Сондай-ақ кадрлық әлеуетке берілген баға, бағалау үдерісінде жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндіктері және болашақ AIT емтиханының құрылымына қойылатын бастапқы талаптар қарастырылды.

– Жаңа емтихан тұжырымдамасы талапкерлердің академиялық құзыреттерін кешенді бағалауға бағытталған. Пәндік білім деңгейін анықтаумен қатар сыни ойлау, талдау жасау, ақпаратпен және академиялық мәтіндермен жұмыс істеу, өз ойын жүйелі әрі дәлелді жеткізу, алған білімін қажет жағдайларда қолдану қабілеттерін бағалауға басымдық беріледі, – делінген хабарламада.

Ұсынымдардың жеке бағыты тест тапсырмаларының сапасын жетілдіруге, олардың тілдік түсініктілігін қамтамасыз етуге, әртүрлі тілдердегі нәтижелердің салыстырмалылығын сақтауға және бағалау рәсімдерінің объективтілігін арттыруға арналған.

Сонымен қатар тест тапсырмаларының қорын дамыту, тест нұсқаларын автоматтандырылған түрде қалыптастыру және емтихан нәтижелері бойынша аналитикалық есептілікті жетілдіру мәселелері қамтылды.

Жаңа модельді сынақтан өткізу кезеңінде қолданыстағы Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі жұмысын жалғастырады.

– Барлық өзгерістер зерттеу нәтижелері, пилоттық апробация қорытындылары, сарапшылардың ұсынымдары мен академиялық қауымдастықтың пікірлері негізінде кезең-кезеңімен енгізілетін болады, – деп атап өтті министрліктен.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығымен бірлесіп, халықаралық стандарттарға сай келетін, ашықтық қағидатына негізделген және барлық талапкерлерге тең мүмкіндік беретін ұлттық білімді бағалау жүйесін жетілдіруді жалғастырады.