Үкімет өндірістегі еңбекті қорғау жүйесін нығайтуда

0
119

Өңірлер бөлінісінде зиянды жұмыстармен айналысатындардың ең көп саны Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында шоғырланған.


Үкімет өндірістегі еңбекті қорғау жүйесін нығайтуда

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысының еңбекті қорғау жүйесін нығайту және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде өндірісте зиянды және қауіпті жағдайларда жұмыс істейтін 479 мың қызметкерді қамтитын шаралар кешені жүзеге асырылуда. Үкімет отырысында ағымдағы нәтижелер мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев баяндады, деп хабарлайды UKIMET телеграм арнасы.

Өңірлер бөлінісінде зиянды жұмыстармен айналысатындардың ең көп саны Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында шоғырланған.

«Қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, оның ішінде олардың қызметін заңдастыру және сақтандыру жүйесімен қамту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру арқылы әлеуметтік қорғау жөніндегі жұмыс шеңберінде 118 мың кәсіпорын қамтылды. 19 мың ұжымдық шарт цифрландырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Еңбек заңнамасын бұзушылықтың алдын алу мақсатында профилактикалық бақылау бойынша 170 тексеру жүргізілді. 2025 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда профилактикалық бақылаумен қамту 2,5 есеге ұлғайды», – деп атап өтті министр.

Сонымен қатар мемлекеттік еңбек инспекциясы 2,4 мыңнан астам жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру іс-шараларының қорытындысы бойынша еңбек заңнамасын 2,8 мыңға жуық бұзушылық анықталды. Орындалуға міндетті 1 630 нұсқама берілді. Сондай-ақ 532 млн теңге айыппұл салынды, оның ішінде 392 млн теңге өңдірілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 22 мыңнан астам жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды.

«Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында атқарылып жатқан жұмыстар өндірістік жарақаттану деңгейін азайтуға көмектеседі. 2024 жылмен салыстырғанда өндірістегі жазатайым оқиғалар саны 4,5%-ға төмендеді, Ал, өлімге әкелген жазатайым оқиғалар саны 7,9%-ға азайды. Жалпы, бұл қарым-қатынастардың ашықтығын арттыруға және бұзушылықтардың алдын алуды күшейтуге ықпал етеді», – деді Асқарбек Ертаев.