Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында егін жинау науқанының уақтылы әрі сапалы өтуін қамтамасыз етуді тапсырды.
ERNUR.KZ. Қазіргі таңда еліміз аумағында егін жинау жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Ал оңтүстік өңірлерде егін орағы аяқталуға жақын. Алдын ала нәтижелерге оң баға беріліп отыр, деп хабарлайды Primeminister.kz.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің азық-түлік өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттырып, ішкі нарықтың импортқа тәуелділігін азайту жұмыстарының маңызды екенін атап өтті. Осы стратегиялық міндетті іске асыруға ықпал ететін басты шарттардың бірі – егін орағын сапалы өткізу. Үкімет тарапынан егіс жұмыстарын оңтайлы ұйымдастыру үшін барлық қажетті жағдай жасалды. Ауқымды қаражат бөлінді. Шаруаларды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету шаралары қабылданды. Енді алқап басындағы жұмыстарды уақтылы аяқтау керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Мемлекет басшысы өткен аптада егіншілермен болған кеңесте осыны ерекше атап көрсетті», — деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Премьер-министр жанармай мәселесіне ерекше назар аударып, барлық қажетті көлем қолданыстағы кестеге сәйкес жеткізілуге тиіс екенін атап өтті.
Сонымен қатар еліміздегі диқандарды толғандырып жүрген бірқатар мәселер көтерілді. Атап айтқанда, күннің жауын-шашынды болуы және күрт суытып кетуі жұмыстың мерзімі мен астық сапасына кесірін тигізуі мүмкін. Е-Өтініш бойынша осы мәселеге қатысты қазірдің өзінде 500-ге жуық өтініш келіп түскен. Өтініштердің ең көбі – 300-ден астамы Қостанай облысының фермерлерінен келіп отыр. Олар астық кептіру жабдықтарын іске қосу және астықты сатып алу бағасына қатысты шағым айтуда.
Облыс фермерлері кептіру жабдықтарын газ жүйесіне қоса алмай жүр. Қостанай облысының әкімдігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселені шешуге жәрдемдесу тапсырылды. Әкімдіктерге Энергетика министрлігімен бірлесіп, алдын ала мәлімделген сұранысқа сәйкес астық кептіру үшін қосымша сұйытылған газ бен дизель отынын бөлуді қамтамасыз етсін.
Жалпы солтүстік өңірлерде астық кептіру жұмыстарын басты назарда ұстаңыздар. Ауа райының бұзылуы егін жинау қарқынына, астықтың сапасы мен көлеміне әсер етпеуі тиіс, деп атап өтті Олжас Бектенов. Экология министрлігі егіншілерге күнделікті ауа райы болжамы туралы ақпарат беріп отыруды қамтамасыз етуі қажет.
Көлік желісінің қолжетімді болуын ерекше бақылауға алу керек. Астықты егіс алқабынан тиісті жеріне дейін жеткізуді жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет. Премьер-министр қажетті көлемде вагондар паркін жұмылдыруды сондай-ақ логистикада ешқандай іркіліс болдырмауды тапсырды.
Отандық өнімді өткізу мәселесінде де жүйелі тәсіл қажет. Басты міндет – ішкі және сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілетті өнім шығару. Ол үшін жеткізу тізбегінде отандық өндірушілерге қолдау көрсетілуі тиіс.
Сонымен қатар отандық өнімнің ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ОТӨ-ні қолдау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың барынша шынайылығыі мен ашықтығын қамтамасыз ету маңызды.
Климаттық тәуекелдерді болжау, өнімділік көлемін есептеу және нарықтық бағаларды бақылау кезінде цифрлық шешімдерді қолдануды кеңейту қажет. Сондай-ақ жасанды интеллекті қолдану өнімді жинау, сақтау және техниканы басқару процестерін оңтайландыруға бағытталуы керек. Жалпы, цифрландыру азық-түлік қорларын дәл және уақтылы есепке алуды қамтамасыз етуі тиіс
Премьер-министр еліміздегі егін жинау науқанының барысын қарау қорытындысы бойынша тиісті министрліктер мен әкімдіктерге бірқатар тапсырма берді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, элеваторларда астықтың жаңа түсімін уақтылы қабылдап, кептіруді қамтамасыз етсін. Өнімді сақтау инфрақұрылымын толық пайдалану керек.
Астықты, оның ішінде жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін сақтау бойынша қызмет көрсету бағасын негізсіз өсіруге жол бермеңіздер. Қажет болған жағдайда, бұл жұмысқа бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігін де тартқан жөн.
Көлік министрлігі Қазақстан темір жолы компаниясымен бірге астық тасымалдайтын вагондар мен жүк көліктерінің жеткілікті көлемін қамтамасыз етсін. Астықты жинау мен тасымалдау кестесін үйлестіру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге жұмыла жұмыс істеу керек.
Егін жинау науқаны кезінде азық-түлік тауарларының қорын жасақтап алу қажет. Өңір әкімдіктері көкөніс өнімдерінің негізгі түрлерін қажетті көлемде жеткізу үшін қыркүйек айының соңына дейін келісімшарт жасауды қамтамасыз етсін.
Сауда министрлігі ауыл шаруашылығы өнімдеріне баға белгілеу тізбегінде делдалдық схемаларға қарсы шаралар қабылдап, астықтың фермерлер үшін әділ шарттармен сатылымын қамтамасыз етсін.
Сонымен қатар негізгі азық-түлік бағасының орынсыз өсуіне жол бермеу қажет. Сауда министрлігі әкімдіктермен бірге баға саясатын реттеу үшін қолдағы барлық құралдарды іске қосып, бұл мәселені қатаң бақылауға алуы керек.
Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірге егін орағының сапалы өтуін, оның ішінде Үкімет жанындағы Жедел штаб аясында бақылауды қамтамасыз етсін.
Жалпы үйлестіру жұмыстары Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге жүктелді.