Үкіметте инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысы өтті

0
183

Қазақстанда ауылдық елді мекендерді және алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуді нығайтуға баса назар аудара отырып, медициналық инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту жүргізілуде.


Үкіметте инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысы өтті

ERNUR.KZ. Премьер-министр Олжас Бектенов АҚШ, Еуропалық Одақ пен Канада елшіліктерінің, Америка Сауда палатасы басшылығының, сондай-ақ Johnson&Johnson, Pfizer, AstraZeneca, Kazanada LLP, La Roche сияқты және басқа да халықаралық компаниялардың өңірлік директорларының қатысуымен денсаулық сақтау саласын дамыту мәселелері бойынша Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысын өткізді, деп хабарлайды Primeminister.kz.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ұлт денсаулығын нығайту бойынша кешенді шараларды жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Аталған міндеттің маңыздылығын ескере отырып, Үкімет денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру бойынша барлық шараны қабылдауда. Біз инвестиция көлемін арттыруды, өндірісті локализациялауға, инвесторлардың қатысуымен жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құруға ниеттіміз. Кеңес аясындағы белсенді өзара іс-қимыл мен пікір алмасу еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамыту және іскерлік белсенділікті арттыру жөніндегі бірлескен күш-жігерімізге қосымша серпін беретініне сенімдімін», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қазақстанда ауылдық елді мекендерді және алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуді нығайтуға баса назар аудара отырып, медициналық инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту жүргізілуде. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауылдық елді мекендерде медициналық 467 нысан салынды. Аудандардағы көпсалалы ауруханаларды түбегейлі жаңғырту жалғасуда.

Барлық процесті, соның ішінде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді кезең-кезеңімен цифрландыру арқылы цифрлық шешімдер белсенді түрде қолданылуда. Ауруларды диагностикалау, дәрігерлер мен науқастар үшін дербестендірілген ЖИ-көмекшілерді пайдалану үшін жасанды интеллект технологиясы енгізілуде. Медициналық деректердің бірыңғай қоймасы құрылуда, ол дәрігерлік мәліметтердің толықтығы мен сапасын бақылау арқылы 100% қамтуға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Фармацевтикалық өндірісті локализациялауды ынталандыру шараларына назар аударылды. 2029 жылға қарай дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдардың отандық өндірісі үлесін 50%-ға дейін арттыру мақсатында Үкімет еліміздің бизнес ахуалын жақсарту жөніндегі жұмысты күшейтті. Заңнамада салық жеңілдіктерін, заттай гранттарды, ұзақмерзімді келісімшарттарды және басқасын қоса алғанда, инвестициялық преференциялар көзделген. Дәрілік заттардың нарыққа шығуы туралы заңнама 2 жылдан 100 жұмыс күніне дейін жеңілдетіледі. 34 өндірушімен фармацевтикалық өнімнің 2,5 мыңға жуық түрін өндіруге 90 ұзақмерзімді келісімшарт жасалды. Pfizer, AstraZeneca, Roche және басқалары сияқты әлемдік жетекші фармацевтикалық компаниялармен технологиялар трансфертін және кдрларды оқытуды қоса алғанда, инновациялық препараттар өндірісін локализациялау үшін белсенді өзара іс-қимыл жолға қойылды.

Кездесу барысында денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту перспективаларынан басқа түйткілді мәселелер мен оларды бизнеспен диалог арқылы шешу жолдары талқыланды.

Қазақстандағы Америка Сауда палатасының атқарушы директоры Джефф Эрлих Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерді атап өтті. Ол елімізде болған 20 жылдан астам уақыт ішінде ұлт денсаулығына оң әсерін тигізетін елеулі жетістіктерге куә болғанын айтты. Ол денсаулық сақтау көрсеткіштерінің өсуі жаңа технологиялар мен сапалы құрал-жабдықтарды енгізумен қатар жүретініне тоқталды. Сондай-ақ Джефф Эрлих еркін сауданың маңыздылығына назар аударды және АҚШ Сауда палатасының Қазақстанмен сауда қатынастарын нығайтуға дайын екенін жеткізді.

АҚШ-тың Қазақстандағы Уақытша сенімді өкілі Дебора Робинсон дәрілік заттарға зияткерлік меншік құқығын қорғауды күшейту және халықаралық стандарттар мен озық тәжірибелерге сәйкес келетін реттеу тетіктерін енгізу мәселелеріне тоқталды.

Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич өз сөзінде ЕО мен Қазақстан арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықтың оң нәтижелерін атап өтті. Атап айтқанда, Қазақстанда және Орталық Азияда ДДҰ қолдауымен іске асырылатын Еуроодақ жобасына, сондай-ақ «ЕО – Қазақстан» жоғары деңгейлі платформасы және денсаулық сақтау және денсаулық сақтау саясаты саласындағы нарыққа қол жеткізу жөніндегі екіжақты жұмыс тобы арқылы өзара іс-қимылға жоғары баға берілді.

Канаданың Қазақстандағы және Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстандағы елшісі қызметін қоса атқарушы Кристофер Дагган инвесторлар тарту және дарынды мамандарды қолдау үшін инновациялық технологияларды дамытудағы ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Атап айтқанда, Канаданың Қазақстанмен білім беру, озық технологияларды енгізу арқылы денсаулық сақтау жүйесін трансформациялаудағы стратегиялық әріптестікке мүдделі екені айтылды.

Johnson & Johnson компаниясының Қазақстандағы бас директоры Әділет Назарбаев мемлекеттік қаржыландыру аясында онкологиялық препараттардың емделушілер үшін қолжетімділігі мәселесін көтерді. Қатерлі ісікпен ауыратын науқастар тіркелген сәттен бастап, дәрі қабылдағанға дейінгі кезеңді 100 күнге дейін қысқартудың маңыздылығы атап өтілді – бүгінде Денсаулық сақтау министрлігі тиісті жұмыстар жүргізуде.

Pfizer компаниясының Қазақстан, Орталық Азия, Кавказ және Моңғолия бойынша өңірлік директоры, Америка Сауда палатасы директорлар кеңесінің мүшесі Дмитрий Козенков фармацевтика өнеркәсібін дамытудағы сапалы қадам ретінде Қазақстанда бірегей патенттелген дәрі-дәрмектердің келісімшарттық өндірісін іске қосудың маңыздылығын атап өтті.

GE HealthCare компаниясының Орталық Азия өңірі бойынша президенті Дмитрий Занчев Қазақстанның аймақтағы технологиялы өндіріс хабына айналу әлеуетін атап өтті. Инвестиция тарту құралдарының тиімділігіне ерекше назар аударылды.

AstraZeneca Kazakhstan директоры Мария Шипулева ҚР Президентінің отандық дәрі-дәрмек өндірісінің үлесін арттыру бағытына қолдау білдірді.

«Біз Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай өндіріс көлемін 50%-ға дейін арттыру, сондай-ақ инновациялық фармацевтикаға халықаралық инвестиция тарту бағытын қолдаймыз. Үш инновациялық компания, соның ішінде біздің компания, қазақстандық өндіріс алаңдарында локализациялау туралы шешім қабылдады. Біз қазірдің өзінде шамамен $5 млн инвестиция салдық. 2030 жылға дейін инвестиция көлемі шамамен $40 млн-ды құрайды. Бір айдан кейін тауарлардың бірінші партиясы шығарылады», — деп атап өтті ол.

Компания директоры мұндай жобалар ғылым мен инновациялық диагностиканың дамуына ықпал етіп қана қоймай, жоғары білікті кадрларды шығаратынын атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық компаниялар мемлекет тарапынан қолдауды және осындай жобаларды бастауға мүдделілікті көріп, белсенді инвестиция сала бастады.

Kazanada LLP бас директоры Кевин Фрик шұғыл медициналық көмек үшін мамандар даярлау жүйесін жаңғырту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде мұндай курстарды тек жоғары медициналық білімі бар мамандар ғана оқыта алады, бұл мүмкіндіктерді шектейді. Кевин Фрик халықаралық тәжірибеде әдеттегідей арнайы дайындықтан өткен фельдшерлер мен медбикелерді білім алуға және оқытуға рұқсат беруді ұсынды. Сондай-ақ ол түлектердің алғашқы күннен бастап жедел жәрдемде тиімді жұмыс істеуі үшін Қазақстан колледждерін түрлі шұғыл көмек түрлері бойынша халықаралық бағдарламалармен жарақтандырудың маңыздылығын атап өтті.

Аталған мәселелер мен ұсыныстарға ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова түсіндірме берді. 2018 жылдан бері 3 еседен астам өсіп, 250 млрд теңгеге жеткен амбулаториялық қамтамасыз ету көлемінің едәуір ұлғаюы байқалды. Бүгінгі таңда Денсаулық сақтау министрлігі препараттардың өлім-жітімге, өмір сүру ұзақтығына және мүгедектікке әсерін ескере отырып, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесін өзектендіруде. Бизнес-процестерді цифрландыру және «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша фармацевтикалық өнімдерді тіркеу мәселелері осы жылдың 1 шілдесіне дейін аяқталады. Сондай-ақ дәрі-дәрмектерге баға белгілеу тетіктері қайта қаралды, ақпараттық жүйелерді Қаржы министрлігі мен кеден қызметтерінің дерекқорларымен интеграциялау енгізілді, бұл бағаның ашықтығын, тұрақтылығын және бәсекелестікті ынталандыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Премьер-министр Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысының қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне шетелдік әріптестер тарапынан айтылған ұсыныстар мен ұсынымдарды пысықтауды тапсырды.