Бүгін «Хунну эйр» әуе компаниясының ұшағы «Ұланбатыр – Алматы – Ұланбатыр» бағыты бойынша алғашқы репатриациялық рейсті орындады.
ERNUR.KZ. Алматы қаласынан Моңғолия астанасына тікелей әуе рейсі ашылды, деп жазады ҚазАқпарат.
Бүгін Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Жалғас Әділбаев Моңғолия Үкіметінің Атқарушы агенттігі – Азаматтық авиация бас басқармасы және «Хунну эйр» әуе компаниясының басшылығымен бірге аталған компанияның «Ұланбатыр – Алматы – Ұланбатыр» бағытындағы әуе қатынасын ашуға арналған баспасөз конференциясына қатысты.
Елші өз сөзінде Қазақстанның ең ірі мегаполисі мен Моңғолияның астанасы арасындағы тікелей әуе қатынасының ашылуымен құттықтап, 2019 жылғы 10 қазанда Нұр-Сұлтанда өткен ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мен Моңғолия Премьер-министрі Ухнаагийн Хурэлсухтың арасындағы келіссөздер барысында қол жеткізілген осы бағыт бойынша әуе қатынасын ашу жөніндегі уағдаластықтың толық орындалғанын атап өтті.
Аталған жаңа әуе бағыты екіжақты саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және туристік салалардағы байланыстардың қарқынды дамуына мүмкіндік беретіні айтылды.
Бүгін «Хунну эйр» әуе компаниясының ұшағы «Ұланбатыр – Алматы – Ұланбатыр» бағыты бойынша алғашқы репатриациялық рейсті орындады. Covid-19 салдарынан туындаған әлемдегі эпидемиологиялық жағдай жақсарғаннан кейін ұшудың нақты жиілігі белгіленеді.