Балалардың үлкені 9 жаста болса, кішісі небәрі 3 жаста.
фото: видеодан скрин
ERNUR.KZ. Ұлдарымды ұрып, таяқпен тәрбиелеймін. Бауыр еті балаларын көк ала қойдай етіп сабаған түркістандық тиран әке көпшілікке өз әрекетін осылай деп түсіндіріпті. Ішіп алса, жақындарына жұдырық алып жүгіретін оған келіншегі осыған дейін де бірнеше рет арыз жазған екен. Алайда, күйеуінің полициядағы таныстары арыздың ары қарай қаралауын болдыртпай келген, деп жазады Еуразия бірінші арнасы.
«Адам болып кететін шығар деген үміт болды. Енді заң жүзінде жауапкершілік алуын сұраймын. Мен видеоға түсірдім. Өйткені мен ұрды десем, маған ешкім сенбейтін еді. Ұрады, қояды деп. Ал видеоға түсіргеннен кейін қаншалықты қатты ұратына көзі жетті», дейді күйеуінен қорлық көрген әйел, Махаббат Абдрайымова.
«Күдіктіге қатысты қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабының 2-бөлігіне сәйкес, азаптау бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды. Және болған оқиғаның мән-жайы осы тергеу барысында анықталады», дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы, Салтанат Қаракөзова.
«Қызым талай рет таяқ жеп, көк ала қойдай болып келген жағдайлары болды. Отан болып кетеді ғой деп жабулы қазан күйінде келдік. Енді кешегі тірлігі өте масқара болды. Түнімен бала ұйықтай алмай шықты. Құда-құдағилар да баласынан безіп отыр. Біз қойдыра алмаймыз дейді. Апаратын жерге апардық, емдеттік. Келеді, ары кетсе бір ай жүреді, одан кейін тағы ішіп кетеді», дейді Махаббаттың анасы Замира Жолдасова.