Сұрақ-жауапқа қатысушылар бұрынғыдай қағаз-қаламды емес, планшет құрылғыларын пайдаланады.
ERNUR.KZ. Биыл Қазақстанда кезекті Ұлттық халық санағы өтеді, деп жазады 24.kz.
Бұл шаралардың бұрынғысынан ерекшелігі сол, санақты онлайн да өткізу жоспарда бар. Ал сұрақ-жауапқа қатысушылар бұрынғыдай қағаз-қаламды емес, планшет құрылғыларын пайдаланады. Шалғай ауылдарда бұл жұмыстар қалай жүзеге аспақ? Қызылорда облысындағы Арал ауданы бойынша халық санағының бірінші кезеңіне 17 сұхбатшы қатысады. Сондай-ақ 4 нұсқаушы жұмыстың жүйелі жүруіне атсалыспақ.
Солардың бірі – Нұрлан Мендалиев. Әр сұхбатшы санақтың алғашқы кезеңінде 1200 нысанды аралап, мәлімет жинауы тиіс дейді ол.
"Бірінші кезеңде жүріп өтеді, үйлерді, тұрғын және тұрғын емес ғимараттарды зерттеп өтеді. Яғни, тұрғын үй болса, қанша адам тұратынын жазып алады. Ал ғимараттар болса, қанша мекеме екенін жазып алады", - дейді Нұрлан Мендалиев, санақ бөлімінің нұсқаушысы.
Шалғай ауылдармен байланыс мәселесі шешілген. Егер планшет арқылы орталыққа мәлімет жолдау мүмкін болмаған жағдайда, ауыл әкімдігі немесе мектептердегі интернет жүйесін пайдалануға рұқсат бар дейді мамандар.
"Бізге санақ кезінде қорғалған, жылдамдығы жоғары байланыс керек. Әсіресе олардағы «Е Халық» байланысы арқылы. Оған да тексеру жүргізіп көрдік, барлығымен байланыс алдын ала тестілеу режимінде тексеру жүргізген кезде ол жұмыс орындалды", - дейді Арал аудандық статистика басқармасының басшысы, Еламан Қапанов.
Бүгінде барлық аудандағы халық санағына қатысатын сұхбатшыларға қажетті құрал жабдықтар дайын тұр. Мәселен, Қазалы ауданына 17 планшет жеткізілді. Одан бөлек, қорғаныш бетперделерінен бастап, қолшамдарына дейін беріледі.
"Санақты өткізу нақты мерзімі 2 кезеңнен өтеді. Бірінші кезең бойынша, тұрғын үйлерді түгендеу бойынша 1-30 маусым аралығында. Негізгі кезең, 1 қыркүйек – 30 қазан 2021 жылы өтеді. Бірінші қыркүйек пен 15 қазан аралығында 45 күн онлайн өтетін болады. Бұл жерде 1-30 қазан аралығында үйлерге барып, қосымша тіркелімдер жүргізеді", - дейді Қазалы аудандық статистика басқармасының басшысы Бақытжан Әлімбай.
Мамандар интернет сауалнамалар үшін арнайы сайт іске қосылады дейді. Азаматтар виртуалды көмекшінің көмегімен сауалнама парақшаларын толтыра алады.