Жолаушылар вагондары паркін жаңарту – теміржол саласын дамытудың стратегиялық бағыттарының бірі.
ERNUR.KZ. «Жолаушылар тасымалы» АҚ №614/613 «Орал – Маңғыстау» жолаушылар пойызының құрамын отандық RWS Wagon зауытында шығарылған жаңа вагондармен жаңартты.
Жаңартылған пойыз құрамы 7 жолаушылар вагонынан, оның ішінде 5 купе және 2 плацкарт вагонынан жасақталған. Пойыз 280 жолаушыға арналған.
Жолаушылар вагондары паркін жаңарту – теміржол саласын дамытудың стратегиялық бағыттарының бірі. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда.
Жаңа вагондар қауіпсіздік, энергия тиімділігі және жайлылық талаптарына толық сәйкес келеді. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында вагондар кондиционерлеу жүйелерімен, мобильді құрылғыларды қуаттауға арналған USB қосқыштарымен, электр розеткаларымен, заманауи жарықтандыру жүйелерімен және санитариялық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Пойыз билеттерін bilet.railways.kz ресми сайты арқылы және теміржол вокзалдарындағы билет кассаларынан сатып алуға болады. Қосымша ақпаратты 1433 тегін нөмірі арқылы алуға болады.


