Әрбір салада оң көрсеткіштер бар.
Еліміздің әр өңірін дамыту күн тәртібінен түскен емес. Осы орайда «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаны іске асыру жұмыстары қолға алынған еді. Бірнеше министрлік біріге дайындаған жобаның негізгі мақсаты – әрбір өңірдің даму көрсеткішін, экономикасын ілгерілетіп, мемлекет басшысы ұстанған «тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын құру» саясатын іске асыру. Тиісінше, ел бюджетінен қаржы бөлініп, бүгінде жоспарланған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы орайда Шығыс Қазақстан облысында атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасамақпыз.
Баспана – басты мәселе
Шығыс Қазақстан облысында соңғы жылдары арнайы санатта жоқ тұрғындарды есептемегенде, екі мыңнан астам көпбалалы жанұяға баспана берілген. Облыс әкімдігінің дерегіне сүйенсек, жыл сайын облыс аумағында көпбалалы отбасыларға берілетін тұрғынүй саны көбейіп келе жатыр. Дегенмен, халықтың өсімі де артып, баспана кезегінде тұрған азаматтар саны да артуда. Статистикалық көрсеткіштерге жүгінсек, осыдан бес жыл бұрын Шығыс Қазақстанда 500-ге тарта көпбалалы отбасы тұрғынүй кезегінде тұрған. Ал, бүгінгі таңда олардың саны 3 мыңнан асып жығылады. Десе де, тұрғын үй салу және оларды кезектегі тұрғындарға үлестіру жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатқандықтан бұл салада ешқандай кикілжің орын алмаған. Оның үстіне, баспана беруге қатысты шешімдердің дұрыс шығарылуын бақылау мақсатында облыста көпбалалы аналар комиссиясы да құрылған.
Мектеп мәселесі оң шешімін тауып жатыр
Бүгінде еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі – мектеп тапшылығы. Дегенмен, мемлекеттік және ұлттық жобалар шеңберінде аталған мәселені 2025 жылға дейін шешу жоспары жасалып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Осы орайда 2025 жылға дейін Шығыс Қазақстан облысында 33 білім ошағы бой көтермек. Бүгінгі таңда 1520 орынға лайықталған 7 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Шығыс Қазақстан облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Әлішер Бекеннің айтуынша, қазір өңірде республикалық бюджет есебінен 920 орындық 2 мектеп салынуда. Бұл – Риддер қаласындағы 600 орындық және Ұлан ауданындағы 320 орындық білім ұялары. Одан бөлек, өңірдегі 350 орындық 4 шағын жинақты мектептің құрылысы офтэйк-келісімшарт бойынша жүргізіліп жатыр. Аталған шағын жинақты мектептер Бесқарағай ауданына қарасты Жыланды ауылында, Күршім ауданына қарасты Жолнұсқау ауылында, Жарма ауданына қарасты Қапай батыр ауылында және Күршім ауданындағы Ұранхай ауылында бой көтерді. Одан бөлек, Шемонаиха ауданында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 250 орындық мектеп салынуда.
Кәсіп бастаймын деген жастарға қолдау көрсетіледі
Бірнеше жыл бойы елімізде кәсіпкерлік саласына қатысты көптеген іс-шаралар іске асырылып келеді. Солардың бірі – кәсіп ашқысы келген жастарға арналған мемлекеттік грант. Бұл бағыттағы жұмыстар Шығыс Қазақстан облысында да жолға қойылған. Бүгінде Шығыс Қазақстанда барлығы 118 646 жас тұрады. Бұл – жалпы халықтың 16,5 пайызы. Қазіргі уақытта облыста «Еңбек» бағдарламасы бойынша 6 613 адам техникалық және кәсіптік білім алып жатыр. Тиісінше, биыл жеке кәсіп ашуға ниеттенген жұмыссыз жастарға 312 грант беріледі деп жоспарланған. Одан бөлек, «Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау» бағыты бойынша 1 057 жас азамат жұмысқа орналастырылып, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 290 жас маманға көтерме жәрдемақы тағайындалса, 112 жасқа тұрғын үй сатып алуға мемлекеттік несие берілген.
Медицина саласы дамып келеді
Жуық уақытта Шығыс Қазақстан облысында хирургиялық ота жасайтын құрал-саймандар өндірілуі мүмкін. Тиісінше, медициналық импортты азайтып, қыруар қаржыны елде қалдыру жоспарланып отыр. Бұл үшін Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ мен Семей медициналық университеті келісімге келген.
Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ҚЕАҚ басқарма төрағасы - ректорының міндетін атқарушы Сәуле Рахметуллинаның айтуынша, медициналық университеттің тиісті патенті бар. Енді хирургиялық ота жасайтын құрал-саймандарды өндіру үшін тиісті жабдықтар қажет. Қазір екі университет ақылдасып, жоспарды нақтылағасын, қаржы салатын инвестор іздемек.
Сонымен қатар, 2022 жылы шығысқазақстандық 100 дәрігер шетелде біліктілігін арттырады деп жоспарланған. Бұған дейінгі жылдары 341 медицина қызметкері Еуропа елдерінде біліктілігін арттырып келген. Облыс әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, соңғы бес жылда денсаулық сақтау саласына мол қаржы құйылып, нәтижесінде ауруханаларға заманауи жабдықтар көптеп сатылып алынған. Ал, ол құралдармен жұмыс істейтін мамандардың санын арттыру үшін дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында арнайы бағдарлама қабылданған. Бағдарлама аясында бес мыңға жуық дәрігер білімін шыңдаса, оның 341-і Еуропаның үздік клиникаларына барып, тәжірибе жинап келген. Бұл бағдарлама алдағы уақытта да жалғаса бермек. Атап өтсек, биыл биыл медицина кадрларын оқыту және біліктілігін арттыру бағдарламасын іске асыруға облыстық бюджеттен онкогематология, гематология, кардиология, акушерия және гинекология сияқты басым бағыттар бойынша 840,2 млн. теңге қаржы қаралған.
Жалпы, қазіргі уақытта өңірде 16 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етуде. Оның 4 434-і дәрігер болса, 11 936-сы орта медицина қызметкері. Биыл өңірдегі медицина саласын дамытуға 38 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінген. Бүгінде өңірде 700 медициналық нысан бар.
Шығыс Қазақстандағы басты мәселелер қандай?
Жуырда облыс әкімдігінде жиын өтіп, аймақ басшысы Даниал Ахметов жергілікті басқару органдарының ерекше көңіл бөлетін негізгі салаларын атап өткен еді. Әкімнің айтуынша, көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелер – тұрғын үй мен автокөлік жолдарының құрылысы.
Осы орайда 2022 жылы атқарылуға тиіс жұмыстар бекітіліп, жыл соңына дейін кем дегенде 685 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, өңір аумағындағы 543 шақырым автожол жөнделуі қажет. Одан бөлек, аудандардағы пайдаланылмай, бос жатқан жерлер мемлекет меншігіне өткізіліп, халық игілігіне берілуі үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді.
Жалпы, жоғарыда аталған қай саланы алып қарасақ та, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаның тиімділігі мол екенін түсінеміз. Бұл – «тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын құру» саясатын ұстанған мемлекетіміздің айрықша бастамасы десек қателеспейміз. Осы орайда, аталған ұлттық жоба жайында да аз-кем ақпарат бере кеткенді жөн санадық.
2021 жылдың 12 қазанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен ел тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын құруға негізделген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бекітілген. Сол базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізу және көлік байланысын қамтамасыз ету атты екі бағыттан тұратын жобаның алғашқы бағыты бойынша ел азаматтарын тұрғын үймен қамту, коммуналдық секторды, жалпы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары атқарылатын болып жоспарланған. Атап өтсек, бас жоспарда мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үйді жөндеу үшін бюджеттік несие беру, 16 мың шақырым ауызсу, су бұру желілерін жүргізу және жөндеу, 46 су құбыры желісін, коммуналдық сектордың 7700 шақырым желісін, 785 шақырым ирригация желілерін қайта жөндеу жұмыстары қарастырылған. «Нәтижесінде, 2025 жылға қарай ел тұрғындары толықтай ауызсумен қамтылып, қала аумағын сарқынды судан тазарту мәселесі толыққанды шешіліп, инженерлік желілердің тозуы 12 пайызға дейін төмендейді. «Ауыл-Ел бесігі» жобасы арқылы ауылдарда 12 мың шақырым инженерлік желі, 10 мың шақырым кентішілік жолдар мен 1,5 мың әлеуметтік нысандар салынып, жөнделеді. Елдімекендердегі жолдардың барлығының сапасы жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізіліп, үш жарым мыңнан астам ауылдың инфрақұрылымы жақсарады. «Жайлы тұрғын үй» бағыты шеңберінде белгілі санаттара жататын 180 мыңнан астам адамның жалға алған тұрғын үйге кететін шығысын субсидиялау, жүз мыңнан астам әлеуметтік жалға берілетін және кредиттік, жұмыс істейтін жастар үшін 15 мың тұрғын үй салу, сонымен қатар, өз қызметкерлері үшін ауылдық жерден үй салған жұмыс берушілердің шығындарын жабу жұмыстары атқарылады. 103 млн. шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға беріліп, жеке құрылыс бастайтын тұрғындардың 235 мың жер телімі инфрақұрылыммен қамтылады» - делінген ұлттық жобаның төлқұжатында.