ҰЛТТЫҚ ЖОБА: Түркістан облысындағы жолдар толықтай жөнделеді

0
856

Саяси, әлеуметтік және экономикалық салалардың тепе-тең дамуы – басты қағида.


ҰЛТТЫҚ ЖОБА: Түркістан облысындағы жолдар толықтай жөнделеді

Қай мемлекет болмасын, саяси, әлеуметтік және экономикалық салалардың тепе-тең дамуына мән береді. Бұл елдегі тұрақты дамудың негізгі қағидасы. Аталған бағытқа біздің еліміз де басымдық беріп, арнайы жобаларды жүзеге асырып келе жатыр. Сондай жобалардың бірі – 2021 жылдың 12 қазанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы. Ұлттық экономика министрлігінің Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ауыл шаруашылығы, Экология, геология және табиғи ресурстар, сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен бірлесе құрған бұл жобасы ел тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын құруға негізделген. Сондықтан, көлік жолдарын жақсарту арқылы еліміздің транзиттік және логистикалық әлеуетін арттыру, тұрғын үй-коммуналдық жағдайдың сапасын көтеру және Қазақстан халқының көрсетілетін қызметтерге кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету жобаның негізгі мақсаттары болып саналады.


Үкімет қаулысы бойынша, Ұлттық жоба базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізу және көліктік байланыстылықты қамтамасыз ету атты екі бағыттан тұрады. Тарқатып айтар болсақ, алғашқы базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізу бағыты шеңберінде инфрақұрылымды кешенді дамыту және «Жайлы тұрғын үй» атты екі міндетті атқару көзделген. Оның ішінде, инфрақұрылымды кешенді дамыту бағыты аясында 16 мың шақырым ауызсу, су бұру желілерін жүргізу және жөндеу, 46 су құбыры желісін, коммуналдық сектордың 7700 шақырым желісін, 785 шақырым ирригация желілерін қайта жөндеу, сонымен бірге, мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үйді жөндеу үшін бюджеттік несие беру жұмыстары жоспарланған. Нәтижесінде, 2025 жылға қарай ел тұрғындары толықтай ауызсумен қамтылып, қала аумағын сарқынды судан тазарту мәселесі толыққанды шешіліп, инженерлік желілердің тозуы 12 пайызға дейін төмендейді деп болжанып отыр. Одан бөлек, «Ауыл-Ел бесігі» жобасы арқылы ауылдарда 12 мың шақырым инженерлік желі, 10 мың шақырым кентішілік жолдар мен 1,5 мың әлеуметтік нысандар салынып, жөнделетін болады. Атқарылған жұмыстардың арқасында елдімекендердегі жолдардың барлығының сапасы жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізіліп, үш жарым мыңнан астам ауылдың инфрақұрылымы заман талабына сай болмақ.


Ал, екінші міндеті «Жайлы тұрғын үй» шеңберінде белгілі санаттара жататын 180 мыңнан астам адамның жалға алған тұрғын үйге кететін шығысын субсидиялау, жүз мыңнан астам әлеуметтік жалға берілетін және кредиттік, жұмыс істейтін жастар үшін 15 мың тұрғын үй салу, сонымен қатар, өз қызметкерлері үшін ауылдық жерден үй салған жұмыс берушілердің шығындарын жабу жұмыстары атқарылады. Сондай-ақ, 103 млн. шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға беріліп, жеке құрылыс бастайтын тұрғындардың 235 мың жер телімі инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.


«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының көліктік байланыс саласының деңгейін көтеруге бағытталған екінші бағыты да екі міндеттен тұрады. Олар – ішкі көлік желісін дамыту және аумақтардың сыртқы байланысының сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Атап өтсек, ішкі көлік желісін дамыту бағдарламасы аясында он бір мың шақырым республикалық маңызы бар, жиырма жеті мың шақырым жергілікті жолдарды жаңадан салу және қайта жөндеуден өткізу жоспарланған. 2025 жылға дейін атқарылатын осы жұмыстардың нәтижесінде республикалық маңызы бар жолдардың барлығы, сондай-ақ, жергілікті маңызы бар жолдардың 95 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізілетін болады. Сонымен бірге, қолға алынған жоба аясында Ұлттық стандартқа сәйкес, автокөлік жолдарының бойы екі жарым мыңға жуық сервистік нысандармен қамтамасыз етіледі. Бұл бағыттың екінші міндеті бойынша да көптеген жүзеге асырылатын болады.


Осы ұлттық жобаның екінші бағыты бойынша Түркістан облысында да жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осыған орай бүгінгі мақаламызда Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының 2021 жылы атқарған жұмыстары мен 2022 жылға арналған жоспары жайлы әңгіме өрбітпекпіз.


Жоғарыда айтқанымыздай, ұлттық жобаның «Көліктік байланысты қамтамасыз ету» бағыты бойынша нормативтік күйдегі жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 2025 жылға дейін 95%-ға жеткізу көзделген. Дәл осы бағыт бойынша Түркістан облысындағы облыстық және аудандық маңызы бар автокөлік жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 87 пайызға дейін артқан. Осыған орай 2021 жылы жергілікті маңызы бар автожолдарды дамытуға бюджеттен 20 млрд. теңге бөлінген. Атап өтсек, 15,3 млрд. теңге республикалық, 4,1 млрд. теңге облыстық, 0,3 млрд. теңге аудан-қала бюджеттерінен және 0,3 млрд. теңге ҚР Үкіметі резервінен қарастырылған. Нәтижесінде 80 нысан немесе 1148,7 шақырым жолда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 385,1 шақырым жол пайдалануға берілген.

Фото: Шаян-Жамбыл автокөлік жолы


Оның ішінде облыстық маңызы бар жолдарға 17,2 млрд. теңге (Республикалық бюджеттен – 13,5 млрд. теңге; облыстық бюджеттен – 3,4 млрд. теңге, ҚР Үкіметі резервінен – 0,3 млрд. теңге) бағытталып, 53 нысан немесе мың шақырымнан астам жолда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілген. Тиісінше, өткен жылы 18 нысан немесе 351,3 шақырым жол пайдалануға берілді.


Ал, аудандық маңызы бар жолдарға өткен жылы 2,8 млрд. теңге (Республикалық бюджеттен – 1,8 млрд. теңге; облыстық бюджеттен – 0,7 млрд. теңге; аудан-қала бюджеттерінен – 0,3 млрд. теңге) бөлініп, 27 нысан немесе 87 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, жөндеу жұмыстары жүргізілген жолдардың 40 шақырымға жуығы қолданысқа берілген.


Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәлімдемесіне сүйенсек, 2022 жылы жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарын дамытуға бюджеттен 14,2 млрд. теңге бөлінеді. Бұл қаржының 7,2 млрд. теңгесі республикалық, ал 7 млрд. теңгесі өңір бюджетінен қарастырылады. Тиісінше, 54 нысан немесе 686,8 шақырым жолға түрлі дәрежедегі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

«Биыл облыстық маңызы бар жолдарды жөндеуге 12,9 млрд. теңге бөлінеді. Оның 7,1 млрд. теңгесі мемлекеттің, қалғаны өңір қаржысынан қарастырылады. Нәтижесінде, 612,7 шақырым жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал, аудандық маңызы бар жолдарға республикалық бюджеттен 0,1 және облыстық бюджеттен 1,2 млрд. теңге бөлініп, 21 нысан жөнделеді. Оның үшеуі көпірлер. Жалпы, биыл 74,1 шақырым аудандық маңызы бар жолдардың жағдайы жақсармақ», - дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері.


Жалпы, биыл ұлттық жоба аясында Түркістан өңіріндегі облыстық және аудандық маңызы бар автокөлік жолдарының 92 пайызын жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізу жоспарланған. Ал, бұл меже «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы іске асырылатын 2025 жылға дейін 99,5 пайызға жетпек.


Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ