Экспозицияға қатысқан барлық кәсіпорынға еліміздегі шағын және орта бизнеске қолдау жасайтын негізгі қаржы институты «Даму» қоры қаржылай және басқа да көмек көрсетті.
ERNUR.KZ. EXPO халықаралық көрме орталығында басталған VIII жыл сайынғы көрмеде Қазақстанның барлық өңірінен келген 350 өндіруші тамақ, жеңіл, химия өнеркәсібі, машина жасау, жабдықтар, зергерлік бұйым мен басқа да мыңдаған тауар түрін ұсынды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Экспозицияға қатысқан барлық кәсіпорынға еліміздегі шағын және орта бизнеске қолдау жасайтын негізгі қаржы институты «Даму» қоры қаржылай және басқа да көмек көрсетті.
«Ulttyq ónim сегізінші көрмесі – отандық кәсіпкерлікті дамытудың ең жақсы дәлелі мен көрінісі. Өндірушілер еліміздің ішкі нарығындағы ұстанымын нығайтып, экспортқа шығуда. Шетелде танымал брендке айналып жатыр. Ал шағын және орта бизнесті мемлекеттің қолдауы тек күшейе бермек. Биыл экономиканың нақты секторын жедел дамытуға бет бұрдық. Мемлекет ақпараттық технология, логистика, туризмге, тамақ өнімін, құрылыс материалын өндіруге, машина жасау, жеңіл және химия өнеркәсібі сияқты басым салалардағы ШОБ инвестициялық жобаларына ашық тапсырыс жариялады. Бұл бағытта жан-жақты қолдау көрсетіледі», — деп атап өтті көрменің ашылуында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Көрмеде ас үй плиталары, желдеткіш, медициналық жабдықтар, трансформаторлар, құрама жем, чемодандар, тоқыма бұйымдары, құрылыс материалдары, антисептиктер, киім, аяқ киім және басқа да сұранысқа ие тауарлар ұсынылған. Қатысушылардың бірі зарарсыздандыру және жуу құралын өндіруші «Аврора» өндірістік кешені» ЖШС нарықта 15 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда косметикалық өнімнің 40, тұрмыстық химияның 55, зарарсыздандыру құралының 80-нен астам түрі бар.
«Біз өнім өндіруде тиімділікке, қауіпсіздік пен тауардың тым қымбат болмауына баса назар аударамыз. Бізден ыдыс жууға арналған сабын, сұйық сабын, әйнек жууға, ас үйге, кір жууға арналған тұрмыстық химияны сатып алуға кеңес береміз. Біз желіні үнемі жаңартып отырамыз. Жаңа өнімдердің арасында үй мен кеңсеге арналған хош иісті диффузорлар бар. Booboo брендімен балаларға арналған өнімдердің сан алуан түрін шығарудамыз. Өнімдеріміз Қазақстандағы сауда желілерінде, маркетплейстерде және таяу шет елдерде кеңінен ұсынылған», — деді «Аврора» өндірістік кешені» ЖШС өңірлік директоры Ермек Еркінов.
2024 жылы «Бәйтерек» холдингінің субсидиялау және кепілдік беру құралдары арқылы Үкімет бизнесті қолдау бағдарламаларын іске асыруға 336 млрд теңге бөлді. 2,7 мың жобаға 254 млрд теңге жеңілдетілген несие берілсе, жалпы 29,5 мың жоба 1,7 трлн теңгеге мемлекеттің қолдауына ие болды. Бұл шаралар 9,7 мың жұмыс орнын ашуға, 25,4 трлн теңгенің өнімін шығаруға, 1,7 трлн теңге салық түсіміне мүмкіндік берді. Нәтижесінде 2024 жылы ШОБ секторында жұмыспен қамтылғандар үлесі халықтың 48%-на тиесілі болса, ЖІӨ-ге қосылған үлес шамамен 40%-ды құрайды.