Ұлы Абайдың туғанына 180 жыл толды

0
222

Мерейтойға орай республика көлемінде көптеген мәдени іс-шара өтіп жатыр. Семейде үлкен этноауыл ашылды.


Ұлы Абайдың туғанына 180 жыл толды

© Photo : Пресс-служба президента Казахстана

ERNUR.KZ. Бүгін қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, жазба әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің негізін салушы, реформатор Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр, деп жазады Sputnik Қазақстан.

2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында аталып өткен болатын. Сол кезде "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік қорық-музейі жаңартылды. Ал 4 тамызда үкіметтің қаулысымен Абайдың туған күні мерекелік даталар тізіміне енгізілді.
Бүгінде жыл сайын Абайдың туған күніне орай сан алуан іс-шаралар ұйымдастырылады. Қазақстандықтар ақынның өлеңдерін оқып, бір-біріне челлендж жолдайды.
Қазақстанда жүздеген мектеп пен мыңдаған көше ұлы ақынның есімімен аталады. 2022 жылы Абай облысы құрылды. 1 қала, 3 аудан мен 26 ауылға ойшылдың аты берілген.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, елімізде Абай есімді 18 763 адам тұрады. Көбісі – үш қаланың тұрғындары. Олар:
Астана - 2 089;
Түркістан облысы - 2 018;
Алматы қаласы - 1 719.
Қазір ең егде Абайдың жасы – 93-те. Бұл есім ең көп таралған жас тобы – 30-34-тің арасы. Осы жастағы Абайлардың саны – 3 228 адам. Биыл алғашқы алты айда туған 157 нәрестеге Абай есімі берілген. Бүгінде Абай есімді 10 әйел тіркелген. Ал Ибраһим (Ибрагим, Ибрахим) есімді азаматтардың саны 35 404 адамды құрайды.