Биыл еліміздің барлық өңірінде қазақтың ұлы ақыны, ғұлама ойшылы Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған 5 мыңнан аса түрлі форматтағы іс-шаралар жоспарланып, іске асырылуда.
ERNUR.KZ. Аталған мерейтойға арналған халықаралық және республикалық деңгейдегі жоспар бекітілген. Бұл жоспар 100-ден аса түрлі форматтағы ең ірі іс-шараларды қамтиды. Басты іс-шаралар ақынның туған жерінде – Абай облысында Абай күні аясында күні өткізілмек. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасы Ерлан Дәкенов ОКҚ алаңында хабарлады.
Оның айтуынша, «Адамзаттың Абайы» республикалық ақындар айтысы, «Жеті қазына» республикалық байқауы, «Құнанбай» көркем фильмінің көрсетілімі, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» халықаралық ақындар фестивалі, «Асыл сөзді іздесең Абайды оқы» республикалық жыр мүшәйрасы, Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрында Мұхтар Әуезовтің «Абай» спектаклі, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымындағы концерті, «Абай оқулары» республикалық байқауы және тағы басқа ауқымды іс-шаралар өтеді.
«Жалпы, бүгінге дейін еліміздің барлық өңірінде, оқу орындарында, кітапханаларда, мәдениет мекемелерінде, ғылыми-реттеу орталықтарында бірқатар іс-шара өтті. Абай күні қарсаңында республика көлемінде ел азаматтары ұлы ақынның мұрасын, оның өлеңдерін дәріптеу бойынша түрлі керемет челлендждерге бастамашылық етіп жатқанын көріп отырмыз. Аталған челлендждерге оқушы балалардан бастап түрлі этнос өкілдері, қарапайым өнер сүйер қауым, еліміздің бірқатар белгілі мәдениет қайраткерлері, жалпы ел заматтары белсенді қатысуда. Әрине, бұл ең бірінші Абай атамызға деген үлкен кіршіксіз құрметті көрсетеді»,-деді спикер.
Бұл мерейтойға арналған іс-шаралар тек Абай күнімен ғана шектелмей, жыл соңына дейін түрлі іс-шара жалғасын табады.
Жалпы елімізде ұлт руханиятының алтын қазығы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығының маңызы өте зор. Қазақтың біртуар перзенті Абай атамыздың мерейтойын атап өту – өткенге тағзым, бүгінге бағдар, болашаққа аманат.