Ұлыбритания жазушысы Қазақ жері жайлы кітап жазды

0
2 215

Қазақ жері жайлы жазылған кітап ағылшын тілінде мың данамен жарық көрді.


Ұлыбритания жазушысы Қазақ жері жайлы кітап жазды

ERNUR.KZ. Ұлыбританиялық Джон Масси Стюарт «Томас, Люси және Алатау: Сібір мен Қазақ даласындағы Аткинсондардың шытырман оқиғалары» атты кітап жазды. Бүгін Талдықорғанда туындының тұсаукесері өтті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Кітаптың тұсаукесері Алматы облысында өтіп жатқаны бекер емес. Себебі, 19-ғасырда қазақ жеріне саяхаттап келген ағылшын саяхатшылары Томас пен Люсидің тұңғыш балалары дәл осы Жетісу жерінде дүниеге келген. Олар қазақ жерінде туған ұлдарына Алатау-Тамшыбұлақ деген есім берді және саяхаттарының басым бөлігі осы Жетісу жерінде өтті», - деді кітап авторы Джон Масси Стюарт.

Қазақ жері жайлы жазылған кітап ағылшын тілінде мың данамен жарық көрді. Ал туынды авторы Джон Масси Стюарт ағылшын Алатау-Тамшыбұлақ дүниеге келген Тамшыбұлаққа арнайы барып, өзге де құнды деректерді іздеп, кітаптың жалғасын жазуға ниетті.

«Бұл кітаптың құндылығы ағылшын тілді мемлекеттер, елдер Қазақстанның тарихын, дәстүрін, әсіресе, осы Жетісу өңірінің мәдениетін біле алады. Сол арқылы Қазақстанның туристік әлеуетін арттырады деп есептеймін», - деді «Хабар-24» арнасының Лондондағы меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы.

Егер кітап Алматы облысының әкімдігі тарапынан қолдау тапса қазақша және орыс тілінде жарық көруі мүмкін.

Айта кетейік, бүгінгі күнде дәл осы Аткинсонның ұрпақтары Тамшыбұлаққа Ұлыбританиядан арнайы келіп, аталарының кіндік қаны тамған жердің ауасымен тыныстап, саяхат жасауды дәстүрге айналдырған.