Елімізде зейнетақы да автоматты түрде тағайындалады.
Коллаж: Kazinform
ERNUR.KZ. Егер зейнеткер жеке шотынан үш ай бойы төлем алмаса, оның зейнетақысы уақытша тоқтатылуы мүмкін, деп жазады inform.kz.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Зейнетақымен және әлеуметтік қамтамасыз ету департаментінің өкілі Баян Хасенова айтты.
— Қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, егер ақпараттық жүйелердегі мәліметтерге сай адам белгілі бір уақытқа елден кетсе немесе қандай да бір себептермен ұзақ уақыт бойы зейнетақысын алмаса, банкке барып төлемін талап етпесе, зейнетақы төлемдері тоқтатылуы мүмкін, — деді Б. Хасенова Үкіметте өткен брифингте.
Мұнда төлемдерді толық тоқтату емес, тек мән-жайды анықтағанша уақытша тоқтату туралы сөз болып отыр. Себептер нақтыланған бойда зейнетақы төлемі қайта беріле бастайды.
— Қазіргі уақытта заңнамада бұл мәселеге қатысты басқа ереже қарастырылмаған және қарастырылып жатқан жоқ. Зейнетақыны уақытша тоқтату бойынша өзге норма жоқ, — деп толықтырды ведомство өкілі.
Осыған байланысты азаматтарға зейнетақы шотынан қаражатты үнемі шешіп отыру немесе зейнетақы алуға әсер етуі мүмкін жағдайлар туралы уәкілетті органдарға алдын ала хабарлау ұсынылады.
Айта кетейік, елімізде зейнетақы да автоматты түрде тағайындалатын болды.
Жұмыссыздық мәртебесі автоматты түрде анықталып, проактивті түрде бос жұмыс орындары ұсынылады.