Үшқоңыр үстіртіне барар жолды мұздай қаруланған топ күзетеді – депутат

0
981

Депутаттың айтуынша, Үшқоңыр үстіртінде жекеменшік компаниялар мыңдаған га жерді заңсыз пайдаланып отыр, ал жергілікті халық қаруланған топтан қаймығып, өз жеріне кіре алмайды.


Үшқоңыр үстіртіне барар жолды мұздай қаруланған топ күзетеді – депутат

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаттары Алматы облысының Қарасай ауданында болып жатқан заңсыздықтарға шұғыл назар аударуға шақырды, деп жазады sputnik.kz.

Депутат Мақсат Толықбайдың айтуынша, Үшқоңыр тауы бүгінде сай-сала, қырат-жоталарымен түгел бір азаматтардың ғана меншігінде.
"Алматы облысындағы Үшқоңыр үстіртіне барар жолды басынан-аяғына дейін мұздай қаруланған топ күзетеді. Жол жоқ емес. бар. Бірақ жабық. Үшқоңыр Іле Алатау паркіне қарайтындықтан, ол аумақты Ұлттық парктің күзетшілері күзетуі керек емес пе? Әлде, бұл тау "ДүниеАгро" компаниясына атасынан мұра болып қалған ба? Қыратқа кіреберістен 8 шақырым қашықта орналасқан резиденцияның аумағы ғана қоршалып, шлагбаум қойылса тағы бір сәрі. Ал, жан баласын жуытпай, тауды айналдыра қоршап тастау – барып тұрған бассыздық", - деп ашынды ол вице-премьер Серік Жұмнғарин мен бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында.
Айтуынша, Қарасай ауданының тұрғындары өз жеріне малын жая алмай, пұшайман күйде отыр. Amanat партиясы жайылым тапшылығын шешу үшін арнайы "Жер аманаты" комиссиясының тікелей араласуымен республика бойынша 9 млн гектардан астам жер қайтарған, ал оның осы аймақтан 1400 гектары ел игілігіне берілді.
"Сөйтсек, онымыз бекер екен, "аманаттық" ағайын! Жұртқа қажет жайылым жердің бәрі жаңағы қоршауда қалып қойған. Осылайша жұрттың өз жеріне кірмек түгілі жаңағы қарулы бекеттен өтуге дәті жетпей жүр", - дейді Мақсат Толықбай.
Атап айтқанда, "ДүниеАгро" ЖШС-не 2004 жылы "Үшқоңыр" үстіртінде орналасқан жүздеген гектар жерге меншік құқығы заңсыз берілген. Өйткені заң талаптары бойынша арнайы мақсаттағы жерлерді заңды тұлғалардың жекешелеп алуына құқығы жоқ. Тіпті оны бөлуге де келмейді. Бұл нормаларды жергілікті прокуратура жақсы біледі. Бірақ жердің заңсыз берілу фактісі бойынша прокуратураның талаптарын сот қанағаттандырмай тастаған. Сорақысы да сол болып тұр, деп жалғастырды сөзін мәжілісмен.
Бұдан бөлек, "Үшқоңыр" үстіртінде "Steppe AgroMeat", "Breeding Company" сияқты екі-үш компания 13 597 га жерді әлі күнге дейін мақсатсыз пайдаланып отырғаны анықталды.
"Шұғыл қайтару керек! Алайда алпауыттармен алысуға әкімдік пен аудан прокурорларының пәрмені жетпей, тағы да дәрмені құри ма деген күдік те жоқ емес. Сондықтан Алматы облысының Қарасай ауданында болып жатқан заңсыздықтарға бас прокуратура мен үкімет шұғыл назар аударып, арнайы комиссия құрып, осы мәселелерге тиісті құқықтық баға беруге тиіс деп есептеймін", - деді депутат.
Толықбайдың пікірінше, президенттің ел игіліне қайтарылуы қажет жайылымдық жерлер бойынша тапсырмасын нақты орындау керек.