Ұялы байланыс операторларына төлем толық бір айға жасалатын тариф құру міндеттелді

0
853

Енді мобильді операторлар абоненттерге өзге тарифтік жоспарлармен қатар, төлем бір күнтізбелік айға жасалатын тарифтік жоспарды да ұсынуы тиіс.


Ұялы байланыс операторларына төлем толық бір айға жасалатын тариф құру міндеттелді

ERNUR.KZ. Бұл уақытта ұялы байланыс операторларына төлем толық бір айға жасалатын тариф құру міндеттелді, деп хабарлайды Atameken Business.

Яғни, абонент тарифтік жоспарға айдың соңғы күні қосылса да, оның жеке шотынан байланыс қызметі үшін төлем келесі айдың соңғы күні шегеріледі.

Сонымен қатар, аталған тарифтік жоспардағы қызметтер көлемі аяқталғаннан кейін оператор абоненттің келісімінсіз қызметтің қосымша көлемі үшін ақы ала алмайды.

Мұнымен қоса, жаңа ережеге «базалық тарифтік жоспар» ұғымы енгізілді. Бұл тариф абоненттік төлемді талап етпейді, тек нақты пайдаланған минут немесе SMS санына ғана төлем жасай отырып, қоңырау шалуға және SMS жіберуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін мәжіліс депутаттары операторлар төлемді айға жетпей, яғни 28 күнде алып халықтың қалтасын қағып жатыр деп Үкіметке сауал жолдаған болатын.