Бұған дейін заң нормалары бұл байқаудың деңгейін шектеп келген.
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі
ERNUR.KZ. «Үздік педагог» байқауының үлгісінде «Үздік тәрбиеші» байқауы пайда болады. Бұған дейін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының үздік мамандары министрлікке бағынышты институт деңгейінде марапатталып келсе, енді оларға министрлік деңгейінде құрмет көрсетілмек, деп жазады inform.kz.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манара Адамова орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
«Білім туралы заңның аясында «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі», «Мектепке дейінгі ұйымның үздік әдіскері», «Үздік мектепке дейінгі ұйым» дейтін байқаулар қазір де бар. Бірақ оны Оқу-ағарту министрлігінің балаларды ерте дамыту институты жүргізеді. Ал ондай мәртебенің лайықты үтемеақысы немесе сыйақысы болу үшін заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр», - деді ол.
Айтуынша, бұған дейін заң нормалары бұл байқаудың деңгейін шектеп келген.
«Қазір біз осы мәселені көтеріп, бірге мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің байқауын да мектеп педагогтерінің байқауының дәрежесіне көтеру үшін ұсыныстар қосып жатырмыз. Сондықтан алдағы уақытта болады ден сенеміз, біз де күтеміз. Бұған дейін неге болмады? Өйткені мектепке дейінгі білім беру ұйымы заң бойынша міндетті емес деңгей. Балалар мектепке дейін үйде де тәрбиеленуі мүмкін дегендей. Бірақ «Білім» заңында 5 жастан бастап бала мектепке дайындалуы керек екені, бұл дайындық міндетті екені туралы 30, 31-баптар бар. Біз өз ұсынысымызды осы баптарға сүйеніп енгізіп жатырмыз», - деді Манара Адамова.
Қазіргі уақытта балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін министрлік дербестендірілген қаржыландыруға көшу тетігін сынақтан өткізуде. Ата-аналардың мектепке дейінгі ұйымдарды дербес таңдауы және «қаражатты баланың соңынан ілестіру» қағидаты бойынша берілген ақшалай қаражатты ваучер арқылы МДҰ-ға аудару сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады деп күтілуде.