"Вертикалды жер сілкінісі": Ғалым бүгінгі зілзаланың қаңтармен салыстырғанда анағұрлым күшті болуының себебін түсіндірді

0
577

Ғалым бұл жолғы зілзаланың қаңтармен салыстырғанда анағұрлым күшті болуының себебін түсіндірді.


ERNUR.KZ. Сейсмология институтының профессоры Әлқуат Нұрмағамбетов алматылықтардың толқынды емес, тік жер асты дүмпуін сезгенін айтты, деп жазады stan.kz.

4 наурыз күні сағат 11:20 шамасында Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында жер сілкінісі тіркелді.

“Бұл жолы жер сілкінісі 23 қаңтардағы зілзаламен салыстырғанда Алматыға жақынырақ болды. Жер сілкінісінің ошағы қаладан оңтүстікке қарай 31 шақырым жерде орналасқан. Әрине, мұндай қуатты зілзала қала үшін қауіпті. Әдетте мұндай жер сілкінісінен кейін тағы бірнеше рет дүмпулер болады. Жақында Қытайда магнитудасы 2 балдық жер сілкінісі қайталанады. Бірақ ол біз үшін қауіпті емес”, – дейді Әлқуат Нұрмағамбетов.

Ғалымның айтуынша, күшті жер сілкінісінің ошағы Қырғызстан мен Қазақстан шекарасында, Іле мен Күнгей Алатауының аралығында орналасқан.

“Бұрын бұл аймақта бұған дейін де қуатты жер асты дүмпулері болған, алдағы уақытта да қайталанады. Бұл аймақ қала үшін қауіпті”, – дейді профессор.

Ғалым бұл жолғы зілзаланың қаңтармен салыстырғанда анағұрлым күшті болуының себебін түсіндірді.

“Жер сілкінісінің ошағы қалаға жақын болған сайын дүмпу соғұрлым тік ( вертикалды) болады. Жер сілкінісі кезінде гүрілдеген дыбыс шығады. Бүгін адамдар сондай дауысты естіді. Сондай-ақ жерді алып күш тепкендей қозғалыс бірнеше секундқа ғана созылады. Жер сілкінісінің сипаты әдетте әртүрлі: жергілікті және алыс болады. Жергілікті жер сілкінісі қуатты және жоғары жиілікті болады. Сонымен қатар қаладан 20-30 шақырым қашықтықта тіркеледі. Ал қаңтар айында зілзала ошағы Қытайда орналасқандықтан ол қуатты болған жоқ және ұзаққа созылды”, – деді Әлқуат Нұрмағамбетов.