Маркетплейс қоймаларына бұған дейін де ірі шабуылдар жасалған болатын.
ERNUR.KZ. 16 тамызда Ресейдің Коледино қалашығында орналасқан Wildberries қоймаларына шабуыл жасалды. Салдарынан қазақстандық жас кәсіпкер Айдархан Қасымбектің жалпы сомасы 150 теңге болатын тауарлары өртеніп кеткен, деп жазады baq.kz.
Бұл туралы кәсіпкердің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында айтты. Айдархан Қасымбек бұл ақпаратты қабылдау қиын болғанын жасырмады.
Себебі бұған дейін жанған қоймаларда біздің тауарларымыз өте аз болған. Негізгі тауарларымыз Колединодағы қоймада орналасқан еді. Алланың қалауымен осылай болуы керек шығар. Бұған шүкір етеміз, - дейді кәсіпкер.
Оның сөзінше, бір ай бұрын шабуылдар жасала бастаған кезде Колединодағы тауарларының құны, өзіндік құнымен есептегенде, 400 миллиондай болған.
Қазір 150 миллион ғана қалды. Бұған дейінгі тауардың бәрін жеңілдікпен тездетіп сатып жібердік, - дейді жас кәсіпкер.
Еске салайық, бұған дейін Сауда және интеграция министрлігі Wildberries платформасына қатысты жағдайға байланысты ресми ақпарат жинап жатқанын мәлімдеген еді.
Сонымен қатар, экономист, сарапшы Ғали Дінмұхаммед маркетплейстің жұмысына қатысты туындаған тәуекелдер, жеткізу тізбегі мен сауда процесіндегі ықтимал өзгерістер отандық бизнеске қалай ықпал ететіні туралы ойын айтқан еді.


