Атырауда өзге тілде жазылған жазуы бар мемлекеттік тумен фотоға түскендер ұсталған болатын.
Фото: Атырау облыстық полиция департаменті
ERNUR.KZ. Мәдениет және ақпарат министрлігі бет-аузын тұмшалаған діни киімдегі атыраулықтардың Қазақстан Туын қорлаған суреті туралы пікір ұстанымын мәлім етті, деп жазады inform.kz.
— Wildberries.kz және ozon.kz интернет-ресурстарында интернетке жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы заңнамасын бұзатын материалды тарату бөлігінде 2 заң бұзушылық анықталды. Қазіргі уақытта wildberries.kz интернет-ресурсынан Қазақстан Республикасының араб жазуы бар Туының сатылғаны туралы ақпарат жойылды. Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою және заңсыз материалды жою шараларын қолдану туралы ozon.kz интернет-ресурсының әкімшілігіне хабарлама хат жолданды, — деп жазылған ресми мәліметте.
Сондай-ақ министрлік осы оқиға бойынша Ішкі істер министрлігіне хат жолдаған.
— Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 372-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлау қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ішкі істер министрлігіне өз құзыреті шегінде процессуалдық шаралар қабылдау туралы хабарлама хат жолдады, — делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Министрлік ІІМ-нен нақты кімге қарсы шара қабылдауды сұрағанын нақтыладық.
— Стандартқа сай емес Қазақстан Туының суретін жарнамалауға атыраулық тұрғындар кінәлі ме, әлде Wildberries.kz және ozon.kz платфтормалары кінәлі ме, оны ІІМ анықтайды, — деп түсіндірді министрліктегілер.
Бұған дейін Атырауда өзге тілде жазылған жазуы бар мемлекеттік тумен фотоға түскендер ұсталғаны мәлім болған еді.