Сәуір айында Ыстамбұлда Исмаилов есімді Қазақстан азаматы атып өлтірілген.
Бейнеден кадр
ERNUR.KZ. Қазақстан, Түркия және Грузия құқық қорғау органдары трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтату мақсатында халықаралық арнайы операция өткізді. Ыстамбұлда қазақстандықтың өлтірілуі ауқымды тергеуге себеп болды, деп жазады tengrinews.kz.
Ыстамбұлдағы қазақстандықтың өлімі
ІІМ дерегінше, сәуір айында Ыстамбұлда Исмаилов есімді Қазақстан азаматы атып өлтірілген. Үш елдің құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылының арқасында қылмыстың беті жедел ашылды.
Бірлескен жұмыс нәтижесінде кісі өлтіруге қатысы бар деген күдікпен екі орындаушы ұсталды. Тергеу барысында қылмыстың себебі, сондай-ақ оны ұйымдастырушылар мен тапсырыс берушілер анықталды. ІІМ мәліметінше, олар трансұлттық қылмыстық ортаның өкілдері және халықаралық іздеуде жүр.
Кісі өлімі өзге де қылмыстарды ашуға көмектесті
Ішкі істер министрлігінің ақпаратынша, тергеу барысында алынған ақпарат ҰҚК-мен бірлесіп трансұлттық ҰҚТ мүшелерінің Қазақстан аумағында жасаған басқа да ауыр қылмыстарын ашуға мүмкіндік берді. Ведомство мәліметінше, топты қазіргі уақытта АҚШ-та журналиске қастандық жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан адам басқарған.
Алматыда полиция қызметкерлері топтың жалдамалы киллерлерінің бірін ұстады. Тергеу болжамы бойынша, ол 2025 жылдың тамызында қала тұрғынына қастандық жасауға қатысы бар. Қылмыс құралы - тапанша тәркіленді. Тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.
Арнайы операция бір мезгілде үш елде өтті
ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, ұстау шаралары Қазақстан, Түркия және Грузия аумақтарында кезең-кезеңімен жүргізілген.
"Ішкі істер министрлігі Грузия мен Түркиядағы әріптестерімен өзара іс-қимыл жасай отырып, үш мемлекеттің аумағында трансұлттық ҰҚТ мүшелерін ұстау бойынша кезең-кезеңімен арнайы операция жүргізді. Алматы қаласында аталған қылмыстық құрылымның бір топ мүшесі ұсталды, оларға қару қолдану арқылы бірнеше шабуыл жасау фактілері бойынша айып тағылып отыр", - деді ол.
Тергеу нұсқасы бойынша, қылмыстық топтың мақсаты қылмыстық идеология элементтерін пайдалана отырып, жекелеген диаспоралық қоғамдастық өкілдерінің бизнесіне криминалдық ықпал орнату болған.
Бұдан бөлек, Грузияда ІІМ деректері бойынша трансұлттық қылмыстық құрылымдармен байланысы бар және бірқатар ауыр қылмыстарға қатысы бар тұлғалар ұсталды.
ІІМ барлық анықталған эпизодтар бойынша дәлелдемелер жинауды жалғастырып жатқанын және қылмыстық топтың басқа да ықтимал қатысушыларын анықтап жатқанын хабарлады. Сондай-ақ ҰҚТ-ның ықтимал ұйымдастырушысын жауапқа тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.


