Зейнет жасын бала санына қарай төмендету мәселесін қарау үшін жұмыс тобы құрылды

0
428

Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов әйелдердің зейнетке шығу жасын бала санына қарай төмендетуді ұсынған болатын.


ERNUR.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова әйелдердің зейнет жасын отбасындағы бала санына қарай төмендету мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.

"Иә, біз Мәжіліс депутаты А. Жамаловтың бала санына қарай әйелдердің зейнет жасын төмендету туралы ұсынысын қарастырып жатырмыз. Жұмыс тобы құрылды. Аталған жұмыс тобы шахтерлердің де зейнетке шығу мәселесін қарайды. Келіп түскен ұсыныстардың бәрі қаралады. Жалпы, қолданыстағы заңға сәйкес 5 баласы бар әйелдерге 53 жастан зейнетке шығуға болады", - деді Тамара Дүйсенова ОКҚ-де өткен брифингіде.

Еске салсақ, Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов әйелдердің зейнетке шығу жасын бала санына қарай төмендетуді ұсынған болатын.

«Статистикаға қарасақ, кейінгі үш жылда әйелдер арасында өмір сұру ұзақтығы 77-ден 75,5 жасқа дейін, яғни 1,5 жылға азайған. Сондықтан, еліміздегі әйелдер зейнеткерлікке ерте шыққаны дұрыс болар еді», - деген болатын халық қалаулысы Үкімет басшысына сауал жолдай отырып.

Айта кетейік, бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Брифинг барысында «Күміс жас» жобасы аясында 50-ден асқан азаматтарға қандай жұмыстар ұсынылатыны белгілі болды.

Сондай-ақ, әлеуметтік көмек аясында берілетін азық-түлік себетін ақшаға ауыстыру себебі түсіндірілді.

Одан бөлек, елімізде ешқашан жұмыс істемеген 325 мың әйел адам бары мәлім болды.