Министрдің атуынша, игерілмеген соманың ең көбі Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында, Батыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысында тіркеліп отыр.
ERNUR.KZ. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев осы жылдың қаңтар-сәуірінде мемлекеттік қаржының атқарылу барысын баяндады, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Төрт айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет шығысы 99,1%-ке, республикалық бюджет шығысы – 99,6%-ке, жергілікті бюджет шығысы 98,7%-ке атқарылды.
"Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бюджеттің барлық деңгейінде атқарылу көрсеткіші жоғары. Республикалық бюджет бойынша 4,8 триллион теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 20 миллиард теңгені құрады, оның ішінде 7 миллиард теңгесі үнемделген ақша. 13 миллиард теңге игерілмеген", – деді Жамаубаев үкімет отырысында.
Министр мемлекет ақшасын игермеген органдарды атады. Олар: ішкі істер, қорғаныс, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, білім және ғылым, сондай-ақ төтенше жағдайлар министрлігі.
Игерілмеудің негізгі себебі: конкурстық рәсімдердің ұзақ өткізілуі және уақтылы өтпеуі; төлем нақты көрсетілген қызмет көлемі, орындалған жұмыс үшін жүргізілген; орындалған жұмыс актілерінің, шот-фактуралардың уақтылы ұсынылмауы, шарттарды ұзақ келісу.
"Жергілікті бюджеттердің шығысы 2,1 триллион теңгені құрады. 28 миллиард теңге атқарылмаған", – деді министр.
Биыл өңірлерге 1,9 триллион теңге нысаналы трансферттер көзделген. 1 мамырдағы жағдай бойынша 456 миллиард теңге бөлінген, оның 98,9%-і игерілді.
5 миллиард теңге атқарылған жоқ, соның ішінде 1 миллиард теңгесі – үнемдеу, 4 миллиард теңге игерілмеген.
Игерілмеген соманың ең көбі Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында, Батыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысында тіркеліп отыр.
Осы жылдың қаңтар-сәуірінде мемлекеттік бюджетке 3 триллион 217 миллиард теңге кіріс түсті, нәтижесінде жоспар 117,1%-ке орындалды.