Облыс прокурорының тапсырмасымен прокуратура және мемлекеттік органдар өкілдерінен тұратын арнайы ведомствоаралық мобильді топ құрылды.
Фото: pexels
ERNUR.KZ. Жамбыл облысының Шу ауданында 11-сынып оқушысына 9-10 сыныптың бірнеше оқушысын бопсалағаны үшін қылмыстық іс қозғалды, деп жазады inform.kz.
Өңір прокуратурасының мәліметінше, тергеу 19 қыркүйекте ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша басталған.
Прокуратурада атап өтілгендей, 2025 жылдың алғашқы сегіз айында жасөспірімдер арасындағы қылмыс 16%-ға азайғанымен, қыркүйектен бастап кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар мен суицид жағдайлары жиілеген. Себептердің бірі – уәкілетті органдардың профилактикалық жұмысының жеткіліксіздігі.
Облыс прокурорының тапсырмасымен прокуратура және мемлекеттік органдар өкілдерінен тұратын арнайы ведомствоаралық мобильді топ құрылды. Оның міндеті – жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтарды азайту, буллинг, суицид және бопсалау фактілерін анықтау.
Қазіргі уақытта мобильді топ Байзақ және Жамбыл аудандарындағы орта мектептерде тексеріс жүргізіп жатыр. Ұқсас жұмыстарды Тараз қаласы мен өзге де аудандардың прокурорлары қолға алған.
Сонымен қатар, облыс прокуроры Нұрғалым Абдиров Тараз бен Шу ауданында үш жасөспірімнің қаза болуына әкелген қылмыстық істердің тергелуін жеке бақылауға алған.
Бұған дейін Таразда өз сыныптасын өлтірді деген күдікпен жасөспірім ұсталғаны хабарланған болатын. Кейін Жамбыл облысында қаза тапқан оқушының анасы қайғылы оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтқан еді.