Жамбыл облысында 5 елдімекенді су басуы мүмкін

0
2 514

​Бұл мәселені халықаралық қаржы ұйымдарының қаражатын тарту арқылы шешуге болады екен.


Жамбыл облысында 5 елдімекенді су басуы мүмкін

ERNUR.KZ. Тараз қаласындағы кәріз желісінің ескіруі салдарынан 5 елдімекенге су басу қаупі төніп тұр. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында депутат Бекболат Орынбеков айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Оның айтуынша, Тараздағы 1962 жылы салынған кәріз желілерінің де, 4 сорғы станциясының да техникалық жағдайы сын көтермейді.


«Қалалық кәріз желісіне сарқынды суларды ағызатын тұрғын үй құрылыстары мен өнеркәсіп кәсіпорындарының қалдықтары қосылады. Ал бұл сүзу алаңдарына шамадан тыс қысым туғызып, гидравликалық артық салмақ салады», - деді сенатор Үкіметке жолдаған сауалында.


Сондай-ақ Депутат облыстағы жер асты сулары ластанып жатқанын, елдімекендерді су басуы мүмкін екенін жеткізді.


«Бұл жағдай Жамбыл ауданы маңындағы «Бірлесу-Еңбек», «Қостөбе», «Өрнек», «Ерназар», «Тастөбе» атты 5 елдімекеннің тұрғындарын ауыз судан айырды. Мұндағы ауыл шаруашылығы алқаптары батпаққа айналып жатыр. Бұл елді мекендерді су басуы да мүмкін», - деді Бекболат Орынбеков.


Сенатор бұл мәселені мемлекеттік кепілдікпен халықаралық қаржы ұйымдарынан қаражат тарту арқылы шешуге болатынын айтады. Тіпті, еліміздегі бірнеше қалада кәріздік тазарту ғимараттарын салу және реконструкциялау жобасы жоспарланған. Алайда бұл тізімге 400 мың тұрғыны бар Тараз қаласы кірмей қалған.


«Бұл мәселе Жамбыл облысының тұрғындары үшін өте маңызды. Сондықтан оны шешу үшін Тараз қаласын кәріз-тазарту ғимараттарын салу жоспарының 1-кезеңіне қосуға қолдау көрсетуіңізді сұраймыз», - деді депутат.