Жамбыл облысында 7 бірдей көлік соқтығысып, 3 адам ауруханаға түсті

0
1 443

Оқиғаға қалың тұман себеп болған.


Жамбыл облысында 7 бірдей көлік соқтығысып, 3 адам ауруханаға түсті

ERNUR.KZ. Жамбыл облысы Жуалы ауданында ірі жол-көлік оқиғасы орын алды, деп жазады ҚазАқпарат.

Аталмыш жол көлік оқиғасының куәгерлер түсіріп алған бейнежазбасы «WhansApp» месенджерінде тарап кеткен болатын. Бейнежазбадан байқағанымыздай, оқиғаға қалың тұман себеп болған. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі де мәлімдеме жасап үлгерді.

«2019 жылдың 1 ақпаны күні сағат 17:10 шамасында "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" тас жолының 552-шақырымында қалың тұманның салдарынан бір бағытта бет алған жеті көлік апатқа ұшырады. Салдарынан, Жуалы аудандық орталық ауруханасына бір адам, Тараз қалалық №1 ауруханасына екі адам жатқызылды, қаза болғандар жоқ», - дейді облыстық ПД-нің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.

Құзырлы органның мәліметінше, аталған дерек бойынша жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушілерге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 610-бабы 1, 2-бөліктері бойынша хаттама толтырылып, барлық жеті көлік құралы айыптұраққа қойылған. Қазіргі уақытта сараптама тағайындалып, тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.