Жамбыл облысында ішінде мектеп түлегі де болған көлік жол апатына ұшырады

0
765

Жол апатының суреті әлеуметтік желіде тарады.


Жамбыл облысында ішінде мектеп түлегі де болған көлік жол апатына ұшырады

ERNUR.KZ. 25 мамырда Жамбыл облысында жол апаты орын алып, оқиға орнында 21 жастағы жүргізуші қаза тапты, сондай-ақ тағы үш адам, оның ішінде мектеп түлегі зардап шекті, деп жазады zakon.kz.

Жол апатының суреті әлеуметтік желіде тарады. Суреттен аударылған көліктен мектеп түлегінің лентасы шығып жатқанын байқауға болады. Аталған оқиғаға қатысты Жамбыл облысы Жуалы ауданы әкімдігі ресми түсінік берді.

"2024 жылы 25 мамырда Жаңаталап ауылынан Ақтоған ауылына қарай бағыт алған "Тойота Камри" маркалы автокөлігінің 21 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік жол жиегіне аударылған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 21 жастағы азаматша оқиға орнында қаза тапты. Оның жолаушылары – 20, 17 жастағы тұлғалар және 11-сыныпты бітіруші түлек ауруханаға жеткізілді. Олардың жағдайлары тұрақты, бақылауда", - дейді Жуалы аудандық әкімдігі.

Сондай-ақ аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, қажетті сараптамалар тағайындалғаны да нақтыланады.

Айта кетсек, желіде тараған бұл сурет астында бір топ мектеп түлектері мінген көлік аударылғаны туралы жаңсақ пікір айтылған. Алайда, оның ішінде тек бір мектеп түлегі болғаны, оның қазір ауруханада, жағдайы тұрақты екені белгілі болып отыр.