Олар 5-10 жылға сотталуы мүмкін.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысында алтын өндіретін компаниядан төрт тоннаға жуық мыс ұрлаған екі күдікті ұсталды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Бұл туралы кәсіпорын басшылығының полицияға жазған шағымынан белгілі болды. Жәбірленуші тарап белгісіз жағдайларда компанияның орталық қоймасынан жалпы көлемі 11 млн теңгеден асатын металды жасырын ұрлап кеткені туралы хабарлады.
«Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 4-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Мойынқұм ауданының полиция қызметкерлері осы кәсіпорынның 32 және 30 жастағы екі қызметкерін анықтап, ұстады. Ұсталғандар кінәларын толық мойындады. Тергеу барысында күдіктілер алдын ала сөз байласу арқылы қоймадан алып шыққан мысты бірден металл сынықтарын қабылдау орнына тасып апару арқылы үш рет ұрлық жасағандары анықталды.
Ұрланған металдың бір келісін үш мың теңгеден қабылдаған, жалпы құны 9 млн теңгеден асқан. Күдіктілер ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсап жіберген», - делінген облыстық Полиция департаменті таратқан хабарламада.
Аталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.