​Жамбыл облысында жылына 120 мың тонна қант өндіретін зауыттың құрылысы басталды

0
146

Өңірде агроөнеркәсіп саласындағы ірі инвестициялық жоба – заманауи қант зауытының құрылысы қолға алынды.


​Жамбыл облысында жылына 120 мың тонна қант өндіретін зауыттың құрылысы басталды

ERNUR.KZ. Бүгін Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың қатысуымен болашақ кәсіпорынның капсула салу рәсімі өтті.

Жобаның инвесторы – қытайлық Zhongkai Guoyuan (Anhui) Industrial Investment Co. компаниясы, жалпы инвестиция көлемі 200 млн АҚШ долларын құрайды.

«Қазақстанда қант қызылшасын өңдейтін төрт кәсіпорын жұмыс істейді, олардың жалпы қуаттылығы тәулігіне 8,7 мың тонна. Өткен жылы шаруалар қант қызылшасынан рекордтық өнім жинап, оны өңдеу мәселесімен бетпе бет келдік. Мемлекет басшысы қант зауытын салуды тапсырған болатын, бүгін қытайлық инвестордың қатысуымен зауыт құрылысының басталғанына куә болып отырмыз. Бұл жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастап қана қоймай, табысты әріптестіктің жарқын үлгісіне айналады деп сенемін», — деді Айдарбек Сапаров.

Министр сондай-ақ Үкімет жобаны жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсететінін, қажетті жеңілдіктер мен қолдау шаралары – салықтық және кедендік преференциялар, субсидиялар және өзге де ынталандыру тетіктері болатынын атап өтті.

Жаңа зауыт жылына 1 млн тонна қант қызылшасын өңдеп, 80–130 мың тонна ақ қант өндіруге, сонымен қатар 72 мың тонна қызылша түйіршігін және 54 мың тонна сірне шығаруға мүмкіндік береді. Бұл ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімді Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей және Қытайға экспорттауға жол ашады.

Зауыт құрылысы екі кезеңде жүзеге асырылады. Кәсіпорын автоматтандырылған технологияларды енгізу арқылы өңірдегі ең заманауи өндірістердің біріне айналып, шамамен 400 жаңа жұмыс орны ашылады.