Мектеп әкімшілігі жағдайды жасыру үшін қыздың анасына ескертпей, оған түсік жасатқан.
иллюстрациялық фото
Жамбыл облысында білім бөлімінің басшылары 12 жасар оқушының жүктілігін бір жыл бойы жасырып келген, деп хабарлайды ERNUR.KZ 31-арна Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Мектеп әкімшілігі Жаңатас қаласындағы жағдайды жасыру үшін қыздың анасына ескертпей, оған түсік жасатқан. Қазір 7-сыныптағы жасөспірімге азғындық жасады деген күдікпен аудандық мәслихат депутатының күйеуі қамауға алынды. Полиция қылмысты дер кезінде хабарламаған білім саласының қызметкерлеріне қатысты іс қозғады.
12 жасар қызды ұзақ уақыт 55 жастағы ер адам жыныстық қарым-қатынасқа тартқан. Телефон сыйлап, алдап, оқушыға ойына келгенін істеген көрінеді. Ақыры жүкті болып, анасына бар шындықты айтуға бел буған. Қалтасы қалың күдікті қызды қорқытып, ешкімге айтпауын талап еткен.
“Керек жоқ, оның байланысы мықты. Әйелі депутат. Балабақшада меңгеруші болып істейді” деп жылады. Маған қызым жүкті екенін тек жаңа жылдың қарсаңында айтты. Жүктілік мерзімі шамамен алты айлық”, – дейді анасы Мәриям Смадиярова.
Жалғызбасты әйел қызының жүктілігін мектеп басшылары да жасыруға тырысқанын айтады. Қыз мектеп-интернатта жатып оқыған. Жүктіліктің алты айлығында оқушыны білім ошағының қызметкерлері Жаңатастан Қаратау қаласына алып кеткен.
“Маған түсік жасататынын айтқан жоқ. Олар түсіктен бұрын толғақ шақыратын дәрі берген. Мен білмедім. Тек түнде қызым түсік жасатқызғаны туралы хат жазып жіберіпті. Сүті тарауы үшін омырауын шарфпен буып, үйге әкеліп тастады. Бірақ бұл түсік ешқандай құзырлы органдарында тіркелмеген. Жасырын түсік жасатудың жолын тапқандар жеке гинеколог жалдаған" - дейді анасы.
Білім бөлімінің басшысы күдікті балабақшада күзетші болып істегенін айтады.
“Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Сондықтан ешнәрсе айта алмаймын. Оқиға болғаны рас. Айгөйлек мемлекеттік балабақшасында күзетші болып жұмыс істеген. Қазір полиция департаменті бұл айтылғандарды тергеумен дәлелденгенін жеткізді. Жетінші сыныптағы жеткіншекке азғындық жасаған күдікті қамауға алынды. Сондай-ақ осы іске қатысы бар білім бөлімінің қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған”, – деді Сарысу ауданы білім бөлімінің басшысы Ілияс Баймағамбетов.
“Тергеу барысында жыныстық қатынас салдарынан 2022 жылы жүкті болғаны анықталды. Алайда жүктілік дерегі мектеп басшылығымен жасырылған, тиісті органдарға хабарлаусыз түсік жасалған. Айыпталушының кінәсі дәлелденіп, қамаққа алынды. Іс сотқа жіберілді. Мектеп басшылығына қатысты ҚК 434 бабы “Қылмыс туралы хабарламау” туралы іс тіркелді”, – деп мәлімдеді Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Алмаз Саламатов.