Жаңа Құрылыс кодексі: Бес мердігер сот шешімімен «қара тізімге» түсті

0
139


Жаңа Құрылыс кодексі: Бес мердігер сот шешімімен «қара тізімге» түсті

Фото: Baq.kz/Мади Искаков
ERNUR.KZ. Алматы қаласы Құрылыс басқармасының басшысы Нұрбол Нұрсағатовқұрылыс саласындағы талаптардың күшейгенін және биыл бірнеше компанияның жосықсыз мердігер ретінде танылғанын мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ.

Оның айтуынша, жаңа Құрылыс кодексі күшіне енгеннен кейін құрылыс нысандарына қойылатын талаптар қатаңдатылған. Енді құрылыс жобаларын Төтенше жағдайлар министрлігімен қосымша келісу міндеттелген.

“ Бұрын тек хабарлама негізінде жұмыс істеген ұйымдар енді құрылыс нысандарын толық көлемде тексеріп, жан-жақты қарайды. Қазіргі уақытта бірқатар заңбұзушылықтарды анықтап жатырмыз және өзіміз тапсырыс беруші болып табылатын нысандарда мердігерлерге тиісті нұсқамалар береміз “, – деді басқарма басшысы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында.

Нұрбол Нұрсағатовтың сөзінше, ең жиі кездесетін заңбұзушылықтардың бірі – құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзімнен кешігуі.

“ Мердігерлер шарт талаптарын орындамаған жағдайда тиісті рәсімдер жүргізіліп, нұсқама беріледі. Одан кейін материалдар сотқа жолданып, компанияны жосықсыз мердігер деп тану мәселесі қаралады. Жыл басынан бері сот шешімімен бес кәсіпорын жосықсыз мердігер деп танылды “, – деді ол.

Сондай-ақ басқарма басшысы сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін мұндай компаниялар арнайы тізілімге енгізілетінін айтты.

“ Сот шешімі заңды күшіне енген соң материалдар арнайы тізілімге жіберіледі. Осыдан кейін аталған ұйым мемлекеттік сатып алу конкурстары мен тендерлерге қатыса алмайды “, – деп түсіндірді Нұрбол Нұрсағатов.

Еске салайық, Қазақстанда 1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне енді. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы құрылыс саласындағы ең ауқымды реформалардың бірі.