Ал жаттықтырушы жұмыс істеген мектеп директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
ERNUR.KZ. Маңғыстау облысында қыздардың бетінен ұрған жаттықтырушы жұмыстан шығарылды, деп жазады Тengrinews.kz.
Жаттықтырушы жұмыс істеген №3 мектеп директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Жаңаөзендегі қалалық білім бөлімінің басшысы Ысқақ Құлатай хабарлады.
Жаттықтырушы мектеп директорының №3 бұйрығына сәйкес жұмыстан шығарылды.
"Әдетте мұндай шараларға қалалық білім бөлімімен келіскеннен кейін ғана барады. Ол күні оқушылар сабақ кезінде ешқандай рұқсатсыз кетіп қалған. Ал қазір пандемия, сондықтан директор жағдайды бақылауға алмағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды", - дейді Ысқақ Құлатай.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстауда қыздардың бетінен ұрған жаттықтырушының әрекеті видеоға түсіп қалған болатын. Куәгерлердің айтуынша, жаттықтырушы Жаңаөзен командасының спортшыларына дөрекілік көрсеткен. Жарысқа қатысушылардың бірінің анасы бұл оқиға 14 желтоқсанда Маңғыстау-5 ауылындағы спорт кешенінде болғанын айтқан.