Жаңаөзенде мұнайшылар наразылыққа шықты

0
699

Ереуілшілер Маңғыстау әкіміне және Қазақстан Республикасының президентіне видео үндеу жариялады.


Жаңаөзенде мұнайшылар наразылыққа шықты

ERNUR.KZ. Жаңаөзендегі мұнай компаниясының қызметкерлері жалақыларын көбейтуді талап етіп ереуілге шықты, деп жазады Stan.kz.

"Фиркрофт" ЖШС қызметкерлері өз талаптарын айтып, наразылық білдірді.

Бұған дейін Жаңаөзен қаласының әкімдігінде наразылық білдірген "Фиркрофт" ЖШС қызметкерлері 19 сәуірде тағы ереуілге шықты. Олардың айтуынша, қалалық әкімдік пен олар жұмыс істейтін "Бұрғылау" ЖШС басшылығы талаптарын орындай алмаған.

"Мемлекеттік еңбек инспекциясының облыстық департаменті келді, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары және кеңесшісі, "Фиркрофт"ЖШС-нің бас директоры келіп, жағдайымызды сұрады. Бірақ олар біздің мәселемізді шеше алмады. Біз өз дегенімізге жетпейінше, наразылық білдіруді тоқтатпаймыз" , - деді ереуілшілердің бірі.

Ереуілшілер Маңғыстау әкіміне және Қазақстан Республикасының президентіне видео үндеу жариялады. Олар барлық талаптары үш күн ішінде орындалмаса, Жаңаөзендегі барлық мұнай компанияларының қызметкерлері ереуілге шығатынын айтты.

Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы бастығының орынбасары Нұралы Баулыбаевтың айтуынша, жұмысшылар өздерін "Бұрғылау" ЖШС-ның ресми қызметкерлері ретінде тіркеуді талап еткен.

"Бұрғылау" ЖШС бірнеше қызметкерге жұмысқа орналасуға көмектесуге дайын екендіктерін хабарлады. Жылдың соңына дейін компанияда сегізге жуық жұмыс орны босайды. Қазір ереуілге шыққан бірнеше жұмысшы осы қызметтерге алынуы мүмкін. Алайда жұмысшылар биыл кем дегенде 40 қызметкерді жұмысқа алуды талап етіп отыр. Бұл талапты орындау мүмкін емес, өйткені, шатта орын жоқ", - дейді Нұралы Баулыбаев.

Ол Атырау қаласының еңбек инспекциясында екі компанияның жалақысы теңестіру бойыншы жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

"Бүгін тексеру жүргізілуде, оның аяқталуы бойынша жалақыны теңестіру және ағымдағы жылдың қаңтарынан бастап қайта есептеу шаралары қабылданады. Біз бұл мәселені компания қызметкерлеріне түсіндірдік", - деді Нұралы Баулыбаев.