Мемлекет басшысы үй жануарларының адамдардан қорлық көруіне жол бермеу керегін айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы "Таза Қазақстан" бастамасын дамыту аясында жануарларға қамқорлық мәдениетін қалыптастыруға тоқталды. Мемлекет басшысы үй жануарларының адамдардан қорлық көруіне жол бермеу керегін айтты.
"Үкімет үй жануарларын дұрыс күтіп-баптамағандарға берілетін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатып, ал оларға қатыгездік көрсеткендерге кесілетін қылмыстық жазаны күшейтуі керек. Негізі, қаңғыбас иттер проблемасына азаматтардың немқұрайлылығы себеп: яғни олар бастапқыда жануарларға ықыласы ауып асырағанымен, кейіннен көңілдері қалып, керексіз заттай көшеге тастап кетіп жатады. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу қажет", – деді Президент.


