Жапонияда коронавирусқа қарсы вакцинациялау тегін жүргізіледі

0
736

Үкімет келесі жылдың ортасына дейін барлық тұрғындарды вакцинамен қамтамасыз етеді.


Жапонияда коронавирусқа қарсы вакцинациялау тегін жүргізіледі

ERNUR.KZ. Коронавирус жұқтырған тұрғындардың саны 151,7 мыңнан асты. Жапония парламентінің жоғарғы палатасы халықты тегін вакцинациялауға қатысты заңды мақұлдады. Бұл туралы министрлер кабинетінің бас хатшысы Кацунобу Като мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz.

«Бұл заң аясында үкімет келесі жылдың ортасына дейін барлық тұрғындарды вакцинамен қамтамасыз етеді», – деді Като.

Оның айтуынша, заң шығарушылардың барлығы да бұл бастаманы бірауыздан қолдаған. Құжат бойынша вакцинаның кері әсеріне тап болғандарға тегін медициналық көмек көрсетіледі.

Ескере кететін жайт, Жапония билігі AstraZeneca британ-швед фармацевтикалық компаниясы, америкалық Pfizer компаниясы және Moderna деп аталатын биотехнологиялық фирмасынан коронавирусқа қарсы екпе сатып алу туралы келісімге қол қойған еді. Дегенмен қазір бұл елдің ғалымдары да вирусқа қарсы вакцинаны дайындап жатыр.

Соңғы мәлімет бойынша, Жапонияда коронавирус жұқтырғандардың саны 151,7 мыңнан асты. Індеттен 2206 адам қайтыс болды.

Тағы бір жайт, Жапония 2021 жылы өтетін Токио Олимпиадасына біраз шетелдік туристі қабылдауды көздеп отыр. Олимпиадаға 11 мыңнан астам спортшы, одан кейін өтетін Паралимпиада ойындарына да мыңдаған адам келеді.

Туристерге вакцина ектіріп не карантинге отырып қажет емес: бар болғаны коронавирус жұқтырмағаны туралы анықтама керек, сонымен қатар смартфонға жүріп-тұған жерін көрсететін қосымша жүктеуге тиіс.