Жаппай тәртіпсіздік кезінде Алматы ломбардтарына келген шығын өтеле ме?

0
686

Қаңтар айындағы қайғылы оқиға кезінде микроқаржыландыру, ломбард секілді ұйымдарға келтірілген жалпы шығын 653 миллион теңге.


Жаппай тәртіпсіздік кезінде Алматы ломбардтарына келген шығын өтеле ме?

ERNUR.KZ. Қаржы нарығын реттеу агенттігі Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде тоналған ломбардтардағы заттардың иелеріне шығын қалай өтелетінін айтты, деп жазады Tengrinews.kz.

Агенттік қаңтар айындағы қайғылы оқиға кезінде микроқаржыландыру, ломбард секілді ұйымдарға келтірілген жалпы шығын 653 миллион теңге екенін хабарлады. Соның жартысынан астамы - 384 миллион теңге Алматыдағы ломбардтарға тиесілі. Ал Алматы облысының микроқаржы ұйымдары мен ломбардтары 140 миллион теңге шығынға ұшырады.

Үкімет қабылдаған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік зиянды өтеу қағидаларына сәйкес жоғалған мүліктің құны немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіру жұмыстарының құны мүліктік зиянды айқындау жөніндегі өңірлік комиссияның немесе зардап шеккен бизнеске қолдау көрсету қорының "Күш бірлікте" комиссиясының шешімі негізінде өтелетін болады.

Ережеге сәйкес жоғалған мүліктің құнын немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіру жұмыстарының құнын өтеу үшін ломбард иелері аймақтық комиссияға немесе қор комиссиясына InfoKazakhstan.kz электронды платформасы арқылы өтініш жіберуі керек.

Бұл ретте ломбардтардың өздері ҚР Азаматтық кодексінің 328-бабына сәйкес өз клиенттері салған заттардың жоғалғаны және бүлінгені үшін жауапты.

АК-ның 307-бабына сәйкес, кепіл затының құны теңгемен көрсетіледі. Егер заңда өзгеше көзделмесе, тараптардың келісімімен белгіленуі мүмкін. Осылайша, борышкердің кепілге қойылған мүлкі ломбард мамандары анықтаған және қарыз алушымен келісілген құн бойынша микрокредитті қамтамасыз ету ретінде ломбардқа беріледі.

Демек, қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде ломбардтардан ұрланған заттардың иелеріне келтірілген залал ломбардта жасалған және кепіл билетінде көрсетілген кепіл бағасының сомасына сәйкес өтеледі.

Ломбард меншік иелеріне өз заттарының жоғалғаны туралы хабарлауға және борышкердің микрокредит бойынша ломбард алдындағы орындалмаған міндеттемелерінің ағымдағы сомасын шегеріп, жоғалған кепіл мүлкінің есептік құны шегінде өтемақы төлеуге міндетті.

Зиянды өтеу үшін заттардың иелері несие берушілерге, яғни ломбардтарға хабарласуы керек.