Жобаға жеке шаруашылығында мал ұстайтын 14 жас қызығушылық білдірді.
ERNUR.KZ. Степногорск қаласы Ақмола облысының индустриалды локомотиві саналады. Соңғы жылдары қаланың дамуы қарқын алып, жаңа өндіріс орындары іске қосылуда, деп жазады ҚазАқпарат.
Айталық, республика және өңір нарығында «Қазақстанның жылыжай технологиясы» және «Құнарлы» серіктестіктері, косметикалық заттар шығаратын «RE-BIOMED» компаниясы өнімдерінің танымалдылығы артып келеді. Жастар жылы жаңа идеяларды жүзеге асыру жоспарланған. Жуырда Қарабұлақ ауылының жастары «Жер-Ана Астана» қоғамдық бірлестігінің үй шаруашылығын қашықтан бақылау бойынша жобасына қолдау білдірді. Жоба «Балкондағы сиыр» деп аталды. Бұл жоба көрші елдерде жүзеге асырылып келеді. Ал біздің елімізге таңсық, яғни тұңғыш рет қолға алынғалы отыр.
Жоба бойынша қала тұрғыны сиыр сатып алып, оны келісімшарт арқылы фермерге бірнеше жылға жалға береді де, өзі делдалсыз сүт өнімдерін алып отырады. Жобаға Степногорск фермерлері мен жұмыссыз немесе өзін өзі жұмыспен қамтып отырған ауыл жастары екіжақты қызығушылық танытып отыр. Ауыл жастары осылайша, пайдалы іспен айналысып, табыс табу мүмкіндігіне қол жеткізбек. Бұл өз кезегінде құлдырап бара жатқан ауылдарды сақтап қана қоймай, урбандалу мәселесін шешуге септігін тигізбек. Осы арқылы ауыл жастары ақшаның көзін тауып, ауыл шаруашылығымен айналысар еді.
Ауыл тұрғындары ауылсыз сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мүмкін емес деп отыр. Жобаға жеке шаруашылығында мал ұстайтын 14 жас қызығушылық білдірді. Олар осы жоба арқылы сиырларын сатуға қазірде әзір екендігін айтуда.
«Балкондағы сиыр» жобасы жеке шаруашылықтардағы мал басын көбейтіп, мол табыс табуға мүмкіндік бермек», - дейді кәсіпкерлер палатасының Степногор қалалық филиалының директоры Азамат Маханалин.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы салтанатты түрде елімізде Жастар жылының басталғанын жариялаған болатын. Елбасы өзінің сөзінде қанатқақты қорларды құрып, студент-еріктілердің стипендияларын көтеру, жастар үшін жалдамалы пәтер салу туралы бірқатар бастамаларды атап өткен еді.