Жауын-шашын шақыру тәжірибесі Қазгидрометтің бақылауында — Мансұр Ошурбаев

0
97

Қазақстанда бұлттарға әсер ету арқылы жауын-шашын шақыруға қатысты жүргізіліп жатқан эксперимент халықаралық ұйымдардың қатысуымен бақыланып отыр.


Жауын-шашын шақыру тәжірибесі Қазгидрометтің бақылауында — Мансұр Ошурбаев

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

ERNUR.KZ. Қазақстанда бұлттарға әсер ету арқылы жауын-шашын шақыруға қатысты жүргізіліп жатқан эксперимент халықаралық ұйымдардың қатысуымен бақыланып отыр. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев Мәжіліс кулуарында мәлім етті, деп жазады inform.kz.

Оның айтуынша, тәжірибе Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым өкілдерімен бірлесіп жүргізілген. Экспериментті Қазақстан тарапынан Қазгидромет бақылауға алған.
— Бұл мәселе толықтай Қазгидрометтің бақылауында. Біздің тарапымыздан тек метеорологиялық деректерге, соның ішінде бұлттардың ылғалдылығына қатысты жұмыстар қарастырылады, — деді вице-министр.

Сонымен қатар ол экологиялық тұрғыдан жауған жауын-шашынға толық талдау жүргізілетінін атап өтті.

— Жалпы, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл — экологиялық тұрғыдан таза тәсіл. Ол тек су айдындарындағы су көлемін толықтыруға мүмкіндік береді, — деді Мансұр Ошурбаев.

Еске салсақ, Түркістан облысында жауын-шашын жасанды жолмен жауатынын жеткізген едік. Қазақстан өңірде технологияны пайдаланған алғашқы ел болмақ.

Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның арнаулы мекемесі саналатын Дүниежүзілік метеорология ұйымы климат, ауа райы, су ресурстары және табиғи апаттардың қатерін азайту бағытындағы жаһандық ынтымақтастықты ілгерілетуде негізгі рөл атқаратынын айтқан еді.