Аида Балаева халықтың мәдениеті мен талғамын көтеру керек екенін жеткізді.
ERNUR.KZ. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева рейтингі жоғары бірнеше бағдарламаға қатысты пікір білдірді, деп жазады Stan.kz.
Балаева халық алдындағы есеп беру кездесуі кезінде "Қалаулым", "Қослайк" бағдарламаларының жабылуы туралы пікір білдірді. Министр халықтың сұранысы бар кезде мұндай бағдарламаларды жабу мүмкін болмайтынын айтты.
“Бұл - жауыр болған мәселелердің бірі. Дегенмен біздің ақпарат министрлігінің кез келген бағдарламаны жауып тастауға құқығы жоқ. Арнайы заң бар. Бұл бағдарламалар жекеменшік БАҚ құралдарында таралып жатыр. Қоғам тарапынан наразылық болғаннан кейін, біз ол бағдарламаларды өндірушілерге өз ұсыныстарымызды айттық. Бірақ ол бағдарламалардың рейтингі жоғары. Қоғамның бір бөлігі наразылық білдірсе, екінші бөлігі өліп-тіріліп сол бағдарламаларды қарайды”, – дейді министр.
Министр халықтың мәдениеті мен талғамын көтеру керек екенін жеткізді.
“Астарлы ақиқат”, “Қалаулым” бағдарламалары еліміздегі рейтингі жағынан ең жоғарғы бағдарламалар болып отыр. Бұл халықтың сұранысы жоғары екенін байқатады. Халық көріп отырғаннан кейін БАҚ иесі бағдарламаны жаппайды. Сондықтан министрлік пен БАҚ халықтың мәдениеті мен талғамын көтеру мәселесін дұрыс жолға бағыттауы керек. Сонда ғана мұндай бағдарламаларды жабуға мүмкіндік аламыз”, – дейді Балаева.