"Жаз ыстық болады": Үкімет басшысы әкімдерге ескерту жасады

0
420

Бектенов еліміздің батысы мен шығысында және оңтүстігінде аптап ыстық ұзақ сақталуы мүмкін екенін айтады.


ERNUR.KZ. Премьер-министр Олжас Бектенов өрт қауіпсіздігіне аса мән беру керегін айтты, деп жазады baq.kz.

Жыл сайын елімізде мыңға жуық табиғи өрт орын алады. Тілсіз жау адам өміріне, мүлкіне, сол сияқты қоршаған ортаға да орасан қауіп төндіреді. Өткен жылы 116 мың гектардан астам орман қоры өртеніп кетті. Еліміздегі орман алқаптары онсыз да өте аз, олардың аумағы өрт салдарынан жыл сайын сиреп барады. Экологияға келтірілген зиянды есептемегенде, материалдық шығын 160 млрд теңгеден асып түсті. Қазгидрометтің болжамына сәйкес, биыл жаз айлары ыстық әрі құрғақшылық болады деп күтілуде, - деді Олжас Бектенов.

Бектенов еліміздің батысы мен шығысында және оңтүстігінде аптап ыстық ұзақ сақталуы мүмкін екенін айтады.

Демек, өрт қаупі күшейе түседі. Бұған дайын болуымыз керек. Биылдың өзінде 30-ға жуық орман өрті тіркелді. Мәселен, өткен жылы өрттен қатты зардап шеккен "Семей орманы" аумағы биыл тағы да отқа оранды. Абай облысының әкімдігі бақылауды күшейтуі керек. Алматы облысында Іле-Балқаш табиғи резерватының аумағында да қамыс өртеніп, үлкен аумаққа жайылып кетті. Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Жамбыл және Қызылорда облыстарында қамыс пен қураған шөп жанып, өртке ұласты, - деді үкімет басшысы.

Бектенов өрт жануарларға да зиянын тигізіп жатқанын атап өтті.

Бұл осы кезде ұя салып үлгерген құстар мен жануарлардың өсіміне қауіп төндіреді. Қазір мүдделі мемлекеттік органдар Табиғи өрттердің алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыруда. Алайда кейбір салаларда бұл жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмей отыр. Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Абай және Ұлытау облыстарында минералданған жолақтарды жасау енді ғана басталған, қажетті көлемнің үштен біріне әрең жетеді, - деді ол.

Премьер-министрдің айтуынша, арнайы жыртылған қорғаныш жолақтары жоқ елді мекендер дала немесе орман өртінен қорғаусыз қалады.

Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының ауылдарындағы аумақтар әлі күнге дейін қураған шөп пен қоқыстардан тазартылмаған. Осыған байланысты өңір әкімдері аталған бағыттағы жұмысты күшейтіп, барлық проблемалық мәселелерді жеке бақылауға алуы қажет. Экология министрлігі осы уақытқа дейін Қазавиаорманқорғау мекемесінің 12 бөлімшесінде тікұшақтардың кезекшілігін қамтамасыз ету мәселесін шешкен жоқ, - деді Олжас Бектенов.