Сот үкімімен клиника басшысы 5 жылға, ал Денсаулық сақтауды дамыту орталығының қызметкері 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Фото: yandex.kz/maps
ERNUR.KZ. Астанада азаматтарды медициналық ұйымға тіркеу туралы мәліметтерді қолдан жасау арқылы бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты. Тергеп-тексеруді ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті жүргізген, деп жазады stan.kz.
Агенттік мәліметінше, "Forte Clinic (Tumar)" ЖШС жеке клиникасының басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаржы алу үшін емханаға тіркелген адамдардың санын көбейткен. Схеманы жүзеге асыру үшін ол "Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығы" ШЖҚ РМК қызметкерін тартқан. Ғылыми орталықтың қызметкері жалған өтінімдерді заңсыз мақұлдап отырған.
“Нәтижесінде қолданыстағы ережелер бойынша мұндай тәсіл тек жекелеген санаттағы азаматтарға ғана қолданылатынына қарамастан, 15 мыңнан астам адам жазбаша өтініштер негізінде емханаға тіркелген. Тексеру барысында басқа өңірлердің тұрғындарын, заңды өкілдерінің құжаттарынсыз кәмелетке толмағандарды, сондай-ақ елден тыс жерге кеткен азаматтарды тіркеу фактілері анықталды. Сонымен қатар клиника басшысы "Damu Med" ақпараттық жүйесіндегі медицина қызметкерлерінің аккаунттарын әкімшілік өкілдерінің телефон нөмірлеріне байланыстырып, олардың есептік жазбаларын бақылауға алған”, – делінген хабарламада.
Осылайша клиника басшысы заңсыз тіркелген азаматтарға медициналық қызметтер көрсетілгені туралы жалған мәліметтер енгізіп, Қордан қаржы аударуға негіз қалыптастырған. Нәтижесінде мемлекетке 79 миллион теңгеден аса залал келген.
Сот үкімімен клиника басшысы 5 жылға, ал Денсаулық сақтауды дамыту орталығының қызметкері 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Келтірілген залал толық көлемде өтелді. Үкім заңды күшіне енді.


