Борышкердің шетелге шығуына шектеу қойылған.
Фото: Диапазон
ERNUR.KZ. Маңғыстау облысында жеке сот орындаушысының алимент төлеуден жалтарған борышкерге шетелге шығуға көмектесіп, одан ақшалай сыйақы алғаны анықталды, деп жазады inbusiness.kz.
Облыстық прокуратураның хабарлауынша, жеке сот орындаушысы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланған.
Белгілі болғандай, алимент өндіру жөніндегі атқарушылық іс жүргізу шеңберінде борышкерге қатысты шекарадан шығуға шектеу қойылған. Алайда жеке сот орындаушысы өндіріп алушының атынан жалған арыз жазып, тиісті шектеуді заңсыз түрде алып тастап, бұл әрекеті үшін борышкерден ақшалай сыйақы алған.
Осылайша борышкер бір жыл бойы емін-еркін Біріккен Араб Әмірліктері мен Өзбекстанға шығып тұрған.
Прокуратура бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.
Өндіріп алушыға келтірілген шығынды толық өтеуіне байланысты сотпен қылмыстық іс ақтамайтын негізбен өндірістен тоқтатылған.