Желідегілер нәрестенің сарғаюын вакцинациямен байланыстырып жатыр

0
2 719

Сәбилердің сарғаюы қандағы билирубиннің жоғары концентрациясына байланысты.


Желідегілер нәрестенің сарғаюын вакцинациямен байланыстырып жатыр

ERNUR.KZ. Желі қолданушылары перзентханаларда нәрестелерді вакцинациялау сарғаюдың себебі болып табылады деген теорияны талқылап жатыр, деп жазады zakon.kz.

Болжам бойынша, жаңа туған нәрестелерде вакцинациядан кейін терісі мен көздің ағы күрт сарғаяды-мыс. Бұл жалған хабарлама.


Жаңа туылған нәрестелердің сарғаюы өте жиі кездеседі. Ол вакцинаны алған-алмағанына қарамастан, нәрестелердің 50-60% болатын жайт. Сәбилердің сарғаюы қандағы билирубиннің жоғары концентрациясына байланысты. Билирубин, өз кезегінде, эритроциттердің – қанның қызыл бөлшектерінің табиғи жойылуы нәтижесінде орын алады.

Ересектерде билирубин бауыр қызметімен ағзадан шығарылады, бірақ жаңа туған нәрестелерде бұл орган әлі толық қуатта жұмыс істемейді және ферменттер мөлшері жеткіліксіз болады. Нәтижесінде билирубин олардың қанында жиналады, бұл теріге сарғыш түс береді. Бұл ретте сәби ешқандай ауруды сезінбейтінін атап өткеніміз жөн.

Әдетте, жаңа туылған нәрестелердің сарғаюы 2-3 аптадан кейін басылады және емдеуді қажет етпейді.

Вакцинацияның бұл құбылысқа ешқандай қатысы жоқ. Қазақстанның перзентханаларында нәрестелер екі түрлі вакцина алады: туберкулезге қарсы және Б вирустық гепатитіне қарсы. Олар әдетте бала дүниеге келгеннен кейін 1-4 күні салынады.

Дәрігерлер вакциналардың жаңа туған нәрестелерде сарғаюдың дамуына әсерін бірнеше рет жоққа шығарған болатын.

Сонымен қатар, физиологиялық сарғаюдың болуы В гепатитіне қарсы вакцинация жүргізуге қарсы көрсетілім болып саналмайды.

Демек, вакцинация нәрестелерде сарғаюды тудыруы мүмкін деген тұжырымдарға ешқандай негіз жоқ және мамандар оны бірнеше рет жоққа шығарды.