Жемқорлық жайлаған органдар қатарында білім, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау саласы бар.
ERNUR.KZ. Бүгін Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа отырысы өтті. Іс-шара аясында Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев жемқорларға қатысты шараларды қатаңдату туралы айтты, деп жазады baq.kz.
Сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейту бойынша шаралар зерттелетін болады. Мен бұл жерде ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағандарға колония-қоныстарда отыру, олардың шартты түрде мерзімінен бұрын шығу және бірнеше еселік айыппұл төлеп, шығып кету механизмдерін жою туралы айтып тұрмын. Олардың арасында парақорлыққа делдалдық жасап, пара алуға оқталғандар үшін де жазаны қатаңдату бар. Бізде жемқорлар төлеген айыппұлын кешірім деп қабылдайтын болды. Сондықтан түрмеге отыруы тиіс нағыз қылмыскер жеңілдетілген жағдаймен сотталады, - деді А. Шпекбаев.
Оның сөзінше жемқорлық жайлаған органдар қатарында білім, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау саласы бар.
Білім мен денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық пара алумен және қыржылық қылмыстармен байланысты. Олардың көбі әкімдіктерге қарасты органдарда болады. Бұл мәселенің шешу жолы – бюджеттік ұйым басшыларын мемлекеттік сатып алудан босатып, бухгалтерияны орталықтандыру. Егер бұл мәселеге жүйелі түрде қарайтын болсақ, мемлекеттік міндеттерді бөлу конфигурациясын түбегейлі қайта қарау керек. Жауапкершіліктен қашу үшін мемлекеттік органдар әр түрлі сылтаумен ведомствоға бағынышты жүздеген кәсіпорын ашып алған, олардың штаты тым көп және жұмыс істеу коэфиценті 0-ге тең, - деді Агенттік төрағасы.