Жеңілдетілген онлайн-несиеге өтінім қабылдау басталды

0
768

Өтінім келіп түскеннен кейін жүйе клиенттің несие алу мүмкіндігін және Қормен байланысы бар-жоғын тексереді.


Жеңілдетілген онлайн-несиеге өтінім қабылдау басталды

ERNUR.KZ. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры "Еңбек" Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасына қатысушылардан несие өтінімдерін онлайн қабылдау жұмыстарын бастады, деп жазады baq.kz.

Естеріңізге сала кетейік, бизнес-процестерді автоматтандыру жұмыстары өткен жылы "ҚазАгро" холдингін трансформациялау аясында басталған болатын. Несие алудың онлайн-өтінім жүйесі пилоттық негізде былтыр Холдингтің еншілес компаниясы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының елордадағы бөлімшесінде іске қосылды.

Несие алуға ниет еткен азамат өтінімді үйінен шықпай-ақ жібере алады. Бұл әсіресе облыс орталығынан алыс орналасқан шалғайдағы елді мекендердің тұрғындары үшін өте тиімді болмақ. Өйткені, түрлі шығындар да едәуір қысқарады.

Клиент электронды цифрлық қолтаңбаның көмегімен мемлекеттік дерекқорлардан басқа құжаттарды сұратуға келісім береді, сондай-ақ өтінішке, бизнес-жоспарға және несие алу сауалнамасына қол қоюға мүмкіндігі бар. Осының нәтижесінде несие алуға қажетті құжаттардың да саны азаяды.

Өтінім келіп түскеннен кейін жүйе клиенттің несие алу мүмкіндігін және Қормен байланысы бар-жоғын тексереді.

Егер бұрын екі жұмыс күні сараптама жүргізуге, қорытынды беруге және нәтижелерді несие бөліміне беруге кететін болса, қазір жүйе бұл тексеруді бірнеше минуттың ішінде автоматты түрде жүзеге асырады.

Сондай-ақ, клиенттің несие тарихы туралы бірнеше минут ішінде автоматты түрде дайын болған есепті алатын несие бөлімнің өтінімді қарау мерзімі де қысқартылады. Бұл жетістікке жүйені "Мемлекеттік несие бюросы" акционерлік қоғамымен интеграциялаудың нәтижесінде қол жетіп отыр.

Клиенттерді өтінім берудің жаңа механизмдеріне оқыту үшін аймақтарда онлайн-жүйеге қосылған компьютерлер орнатылған. Осылайша, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының филиалдарында менеджер-кеңесшінің көмегімен клиентке онлайн-жүйенің мүмкіндіктерін пайдалану ұсынылуда. Енді қала және ауыл тұрғындары жеңілдетілген несиеге жылдам қол жеткізеді және қажетті құжаттарды дайындауға, жинауға арналған шығындары азаятын болады.