Бұл оқиға Қорғаныс министрінің ерекше бақылауына алынды.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Бүгін Жетісу облысындағы "Алажиде" әскери полигонында мерзімді қызмет сарбазы көз жұмды, деп жазады stan.kz.
ҚР Десанттық-шабуылдау әскерлерінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
"Бүгін, қыркүйектің 23 күні, жауынгерлік дайындық сабағын өткізу кезінде Десанттық-шабуылдау әскерлерінің Жетісу гарнизонындағы мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қаруды қолдану кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталмауына байланысты оқ жарақатын алып, қайтыс болды", - делінген ақпаратта.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
"Лауазымды тұлғалар тарапынан қандайда бір немқұрайдылық немесе бақылаусыздық анықталатын болса, кінәлілер қатаң жауапкершілікке тартылатын болады. Бұл оқиға Қорғаныс министрінің ерекше бақылауына алынды. Қарулы күштердің және Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшылығы әскери қызметшінің туған-туыстары мен жақындарына орны толмас қайғысына ортақтасып көңіл айтады. Оларға барлық қажетті көмек көрсетіледі", - делінген ведомство мәлімдемесінде.