Жетісу облысында шағын автобус КамАЗ-бен соқтығысты: екі адам қаза тапты

0
89

Облыстық полиция департаменті жол апаты болғанын және екі адамның қаза тапқанын растады.


Жетісу облысында шағын автобус КамАЗ-бен соқтығысты: екі адам қаза тапты

Жетісу облысындағы ажалды апат. Видеодан алынған кадр

ERNUR.KZ. Жетісу облысында шағын автобус жүк көлігімен соқтығысты. Жол апатынан автобуста болған 12 адам зардап шегіп, оның екеуі қаза тапты, - деп жазады Tengrinews.kz.

Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Жарияланған ақпаратқа сәйкес, жол апаты 17 қазанда Жетісу облысының Кербұлақ ауданындағы Арқарлы асуы маңында болған. Mercedes-Benz Sprinter шағын автобусы мен КамАЗ жүк көлігі соқтығысқан.

Облыстық полиция департаменті жол апаты болғанын және екі адамның қаза тапқанын растады. Тағы он адам жақын маңдағы ауруханаға жеткізілген.

"Жол апаты Алматы–Өскемен тасжолының 143-шақырымында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, оңтүстік бағытта келе жатқан Mercedes-Benz Sprinter жүргізушісі өзімен бір бағытта қозғалып бара жатқан КамАЗ жүк көлігінің тіркемесіне соғылған", – деп хабарлады Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.


Ведомство өкілдері шағын автобус жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын айтты. Соталды тергеу амалдары басталып, қажет сараптамалар тағайындалды.

Полиция тағы да автокөлік иелерін жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, қауіпсіз жылдамдықты таңдап, арақашықты сақтауға және рөлде барынша мұқият болуға шақырды.