Спортпен айналысамын деген азаматтарға өңір аумағындағы мыңнан аса нысан қызмет көрсетіп жатыр
Жетісу облысы еліміздегі қарқынды дамып, жаңа келбетке ие болып келе жатқан өңірлердің бірі. Әсіресе, бұл облыстағы әлеуметтік нысандардың, соның ішінде спорттық ғимараттардың көптеп бойы көтеруі көңілге қуаныш сыйлайды. Оның үстіне, өңірдегі кәсіпкерлердің де осы салаға назар аударып жатқандығы тағы бар.
Атап айтсақ, биылғы жыл бастала сала Жетісу облысы, Ескелді ауданында бір сәтте бірнеше нысан ашылған еді. Соның бірі блокты-модульді құрамалардан соғылған Көкжазық елдімекеніндегі спорттық кешен болатын. Құрылысына жүз отыз млн теңгеден аса ақша бөлінген нысанның жалпы көлемі 720 шаршы метрді құрайды. Бұл ғимаратта бірнеше спорт түріне арналған жаттығу залдары, жуынатын және өзге де қажеттіліктерді орындайтын бөлмелер бар. Бұған дейін аталған ауданның Қарабұлақ, Өрқусақ, Сырымбет сынды ауылдарында да спорт кешендері іске қосылған болатын.
Ізін ала облыс орталығында ардагерлерге арналған «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» іске қосылды. Мұнда зейнет жасындағы адамдар қалаған істерімен айналысып, спорттық, мәдени және өнер үйірмелеріне қатыса алады. Сонымен бірге психологиялық тұрғыдан көмек алып, түрлі байқауларда бақ сынайды. Қайта жаңғырған бұл нысан бір мезетте 220 адамға қызмет көрсетуге қауқарлы.
Жалпы, бүгінде өңірде жиырма бес мыңға жуық зейнеткер бар екен. Осы ретте өңір басшысы арнайы тапсырма беріп, осындай орталықтар құруды тапсырған. Енді қырыққа жуық адам қызметпен қамтылған орталықта ардагерлерге он екі түрлі қызмет көрсетілетін болады. Оған қоса, қаржылық сауаттылық, ағылшын және қазақ тілі, тоқу мен тігін курстары ұйымдастырылған. Тіпті оқта-текте саяхаттап тұру үшін арнайы автобус сатылып алынған. Биыл бұл орталықты ары қарай дамыту үшін үш жүз миллион теңге бөлініпті.
Одан бөлек, жыл басында шекара маңындағы Достық деп аталатын ауылда сексен орынға шақталған жаңа спорттық кешен ашылды. Жаңа ғимараттың құрылысына өңір бюджетінен 1 миллиард 72 миллион теңге қаралған. Қос қабатты нысанда негізгі спорт түрлерінен бөлек жаттығу залдары да жұмыс істейді.
Кербұлақ ауданына қарасты Шанханай елдімекенінде де күрес түрлеріне арналған жаңа спорт залы іске қосылды. Облыс әкімдігі мәлім еткен ақпаратқа сүйенсек, бұл залдың құрылысына бюджет тарапынан 215 миллион 400 000 теңге бөлініпті.
Өңірде нысандардан бөлек, спорт түрлерін дамытуға да айрықша көңіл бөлінген. Мәселен, биыл қабылданған Наурызнамаға сәйкес, «Ұлттық спорт күні» датасына орай облыс орталығында ұлттық ат спорты түрлері бойынша өңір чемпионаты өткізілді. Спорттың төрт түрінен ұйымдастырылған додаға жүз отыздан аса спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Наурыз айның өзінде Жетісу спортшылары әлемдегі ең басты бәсеке – Олимпиада ойындарына бес бірдей жолдама ұтып алғаны да өңірдегі спорт саласының деңгейінен хабар береді. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республика деңгейін үздіктер қатарынан табылған. Алдағы уақытта спортшылар садақ ату, командалық спорт және велоспорт бойынша төрт жылда бір келетін додада бақ сынайтын болады.
Сөз басында айтқанымыздай, Жетісу өңіріндегі кәсіпкерлер де спортты дамытуға үлес қосып жатыр. Мысалы, облыс орталығында салынып жатқан тағы бір маңызды нысан – «Жетісу» волейболл командасына арналған база. Оның жанынан демеушілер спортшылар үшін баспана салып жатыр. Оған қоса халықаралық стандарттарға сай келетін үстел тениисі орталығы да бой көтеруде.
Волейбол базасында клубтың ерлері мен әйелдері және жастар жаттығу жасамақ. Ең маңыздысы – елімізде мұндай бірде-бір спорт кешені жоқ, яғни баламасыз нысан. Ғимаратта әкімшілік, санитарлық, медициналық және массаж бөлмелері болады.
Ал, үстел теннисінен жаттығу және жарыс өтетін нысанның көлемі 1600 шаршы метрді құрайды. Мұнда жаттығу кезінде жиырмаға үстел қойылатын болса, спорттық додалар кезінде жартысы ғана қалдырылады. Екінші қабатында шахмат клубы ашылмақ.
Маусым айының басында облыс орталығында таеквондо спортынан ел біріншілігі өткізілді. Аталған чемпионатта Қазақстанның әр аумағынан ат терлетіп келген 8-17 жас аралығындағы төрт жүзге тарта спортшы қатысып, екі күн бойы кім мықтыны анықтады.
Жалпы, соңғы жылдары елімізде бұқаралық және кәсіби спорттық дамыту жұмыстары қарқын алып, салауатты өмір салтын сақтауға ниеттілер саны көбейіп келе жатыр. Соның ішінде Жетісу облысы халқының қырық пайызға жуығы спортпен шұғылданады екен.
Жетісу облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мәлім еткендей, спортпен айналысамын деген азаматтарға өңір аумағындағы мыңнан аса нысан қызмет көрсетіп жатыр екен. Осы ретте, 2023 жылы тұрғындар санын мың адамға шаққандағы спорттық қажеттіліктермен қамту көрсеткіші елі пайыздан асқанын атап өту керек.
Бауыржан ЕРМАН,