Жетісуда ұландық сақшылар пышақпен жүрген ер адамды құрықтады

0
178

Талдықорған қаласы көшелерінің бірінде қызмет атқарып жүрген ұландық әскери жасаққа орта жастағы 2 азаматша келіп көмек сұраған.


Жетісуда ұландық сақшылар пышақпен жүрген ер адамды құрықтады

Сурет: pixabay

ERNUR.KZ. Жетісуда ұландық сақшылар пышақпен жүрген ер адамды ұстап, көлік қаққан азаматқа алғашқы көмек көрсетті, деп жазады zakon.kz.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Талдықорған қаласында орналасқан 5514 әскери бөлімінің жауынгерлері тұрғын үйдің ауласында өзімен пышақ алып жүрген ер адамды құрықтады.

Талдықорған қаласы көшелерінің бірінде қызмет атқарып жүрген ұландық әскери жасаққа орта жастағы 2 азаматша келіп көмек сұраған. Жастар 42Б мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үйдің алдында белгісіз азамат жас қызды пышақпен қорқытып, өміріне қауіп төндіріп жатқанын айтқан.

Оқиға орнына келген әскери жасақ бастығы ефрейтор Бақдәулет Байсеит және патрульшілер қатардағы Медет Ерболов пен Саят Ахметқалиев ақпаратты патрульдік топ бастығына баяндап, қарсылық көрсеткеніне қарамастан, тәртіп бұзушыны дереу құрықтаған және полиция қызметкерлеріне тапсырған. Күдіктінге сыртқы тексеру жүргізгенде қалтасынан айғақ зат пышақ табылған.

Анықтау барысында күдікті азамат түзеу мекемесінен бір күн бұрын ғана жазасын өтеп шыққан екен.

"Біз келгенде құқық бұзушы азамат аулада тұрған көліктің алдыңғы терезесін сындырып, көлік иесімен жанжалдасып тұр екен. Бізді көре салып қолындағы суық қаруын қалтасына жасырды. Дереу ол азаматты қолға түсіру үшін әрекет жасадық, себебі ол суық қаруды сілтеу арқылы айналасына қауіп төндіруі әбден мүмкін еді. Тәртіпке шақырып едік, өзімізге қарсылық танытпақшы болды. Жауынгерлік ұрыс тәсілдерін қолданып, бұзақыны ұстадық", – дейді ефрейтор Бақдәулет Байсеит.

Екінші оқиға Самал ауданында Алдабергенов пен Қонаев көшесінің қилысында болған. Жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан егде жастағы адамды көлік қағып кеткен. Қаланың қоғамдық тәртібін қамтамасыз етіп жүрген әскери жасақ бастығы қатардағы Әлихан Аманжолов және патрульшілер қатардағы Азат Тұрсын мен Азамат Тоқтар дереу радиостанция арқылы патрульдік топ бастығына жағдайды баяндап, жедел жәрдем шақыртуын сұрайды.

Кейін жапа шеккен азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем бригадасына тапсырған.

"Ұлттық ұлан жауынгерлері тек қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етпейді. Кейде қала тұрғындарына медициналық көмек те көрсетуге тура келеді. Біз қызмет атқарып тұрған тұста ақ түсті Mazda Cronos көлігі жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан азаматты қағып кеткенін байқадық. Ойлануға уақыт болмады, көмектесуге кірістік. Жапа шеккен азаматты орнынан тұрғызып, басынан аққан қанын сүртіп, сол жердегі орындыққа отырғыздық", – дейді қатардағы жауынгер Әлихан Аманжолов.